Сырым ауданынан “Жымпиты - Мәскеу: Абдолла ізімен!” атты тарихи - танымдық экспедиция жолға шықты. Мақсат - екінші дүниежүзілік соғыстың батыры, ақын Абдолла Жұмағалиевтің соңғы шайқасы өткен деревняны көру, панфиловшыға қатысты Ресей архивтеріндегі деректерді іздеу.
Биыл ТМД елдері Президенттерінің кездесуінде «2025 жыл - Жеңістің 80 жылдығы және нацизмге қарсы күрестегі бірлік жылы» деп жарияланды. Бұл - есіл ерлердің есімдерін түгендеп, жаңғыртып, ескерілмеген ерліктерді тағы бір бұлдау үшін уақыт ұсынып тұрған мінбер.
Қазақстанда Жеңістің 80 жылдығын мерекелеудің ұлттық бағдарламасы аясында жыл бойы еліміздің барлық өңірінде 2 мыңға жуық іс-шара өткізу жоспарланған.
Батыс Қазақстаннан Абдолланың ерлік ізімен жоқшылардың аттануы - жаңағы шаралардың айшықтысы.
Кеше Сырым ауданы әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов экспедиция мүшелерін салтанатты түрде шығарып салды. С. Датұлы атындағы тарихи - өлкетану музейіндегі М. Қадыров залындағы кездесуге Сырым аудандық мәслихатының төрағасы Шынар Дүйсенғалиева, “Amanat” партиясы Сырым аудандық филиалының төрағасы Талғат Дарғожиев қатысты.
- Тарих үшін құнды, біз үшін қастерлі сапарға аттанғалы тұрсыздар. Абдолла - өзінің уақыттан өзінің бағасын күтіп тұрған тұлға. Сіздерді, зор әсермен, тың деректермен оралады деп сенеміз! - деді Серік Тоқмамбетов.
Экспедиция құрамында музей директоры Айнагүл Ойшыбай, белгілі өлкетанушы Нұржан Төлепов және көлік тізгіндеуші Манарбек Жайсұлтановтар бар екенін айта кетейік. Сырым ауданының әкімдігінің жобасына “Жайық Пресс” медиахолдингі ақпараттық қолдау көрсетуде. Сапарға “Жайық Пресс” ЖШС қызметкерлері - ақын, журналист, “Сырым елі” қоғамдық - саяси газетінің директор - редакторы Бауыржан Ширмединұлы мен оператор Азамат Ұзақов және аттанды.
Олар бүгін таңмен шекарадан өтіп, Мәскеуге қарай бет алады. Алда 1292 шақырым, қанды шайқас өткен Волоколам тас жолы, Можайск өңірі тұр.