ӨЛЕҢТІЛІКТЕР ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІН ТОЙЛАДЫ

ӨЛЕҢТІЛІКТЕР ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІН ТОЙЛАДЫ
ӨЛЕҢТІЛІКТЕР ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІН ТОЙЛАДЫ
Өлеңті ауылында Ұлыстың ұлы күніне орай Наурыз думан мерекесі тойланды.
Қыс айлары тәмәмдалып, жер-жаһанға күлімдеген күн шуағын шашқан уақытта ауыл айналадағы адамдар төс қағысып, көрісіп, арқа-жарқа болып осы керемет мейрамды тойлауы — бағзы дәстүр. Өлеңтіде ұлтымыздың жаңа жылы Наурыз мерекесінің тағы бір парағы ашылды.
Өлеңтілік ағайындар ауыл ортасына ақ отауды тігіп, қазан ошақты құрып, ойдағы елді, қырдағы жұртты жиып, мерекенің мерейін көтерді.
Шара барысында қазақы рухани болмысымыз айқын көрсетілді. Сахна маңына жиылған жұрт Жаһанша Досмұхамедов атындағы орта мектеп ұжымының ұйымдастырған концерттік бағдарламасымен қазақтың “келін түсіру” салт-дәстүрінің үлгісі көрсетілген қойылымды тамашалады.
Қойылым барысында қазақтың сүйінші сұрау, жаңа түскен келіннің бетін ашу, құдалар арасындағы мәміле, бата беру сынды ырым, жөн-жоралғылары айқын көрсетілді.
Өлеңті ауылының орталығындағы саябақ байырғы қазақ ауылына айналды. Би де, күй де, ән де, дәм де болды. Ақ жаулықты апалар мен келін, жеңгелер қазақтың ұлттық тағамдарынан дайындалған дастархан жайып, қазақтың қонақжайлылық қырын танытты.
Ауылдың атқа мінер азаматтары да Наурыз думанға ерекше ат салысты. Асық ату, арқан тартыс, гір тасын көтеру, аударыспақ сынды ұлттық ойындарымызды ұйымдастырып, жас буынға тамаша әсер сыйлады.
“Сырым елі”