
Білім күні – барлық ата-аналарға, ұстаздарға және оқушыларға қуаныш сыйлайтын мейрам.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев өткен жылғы тамыз кеңесіндегі сөзінде «сапалы білім – жетістікке жетудің жолы әрі экономиканы дамытудың басты құралы» деп атап өткен болатын. Олай болса, «Жеті түрлі ілім білетін» ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің негізгі міндеті болмақ.
Өздеріңізге белгілі, еліміздегі және өңіріміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты биылғы оқу жылы ерекше жағдайда басталғалы отыр. Ауданымызда 22 білім ордасындағы оқушылар саны 3036 бала, мектептердің 18-і дәстүрлі түрде, 4 мектеп қашықтықтан оқытылатын болады. Аудан мектептерінің 1 сыныбына 334 оқушы қабылданып, мектеп табалдырығын аттағалы отыр.
Мектептеріміздің материалдық-техникалық базасы жылма жыл қарқынды жаңартылуда. Биылғы жылы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасымен 2 білім беру нысаны ЖББ Абай орта мектеп-балабақша кешені мен аудандық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының ғимараты күрделі жөндеуден өткізілуде.
Мектептерді компьютерлермен қамтамасыз ету мақсатында 70 дана ноутбук алынып берілсе, қосымша 64 дана компьютерлер сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Білім ошақтарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қосымша бейнебақылау камералары орнатылды. Бұл жұмыстар жоспарлы түрде жалғаса бермек.
Биылғы оқу жылындағы оқыту процесі ұстаздарымызға үлкен жауапкершілік артып отыр. Ұстаздарымыздың жауапкершілік жүгін табандылықпен көтеретініне сеніміміз мол.
Құрметті оқушылар, ұстаздар және ата-аналар!
Баршаңызды бүгінгі бүкілхалықтық мейрам – Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Жаңа оқу жылы баршаңызға табыс, еңбектеріңізге жеміс әкелсін! Мектеп табалдырығын жаңа аттағалы тұрған бүлдіршіндерге сәттілік тілеймін.