ЖАҢА ЖАТАҚХАНА — ЖАЙЛЫ ӨМІРДІҢ БАСТАУЫ

ЖАҢА ЖАТАҚХАНА — ЖАЙЛЫ ӨМІРДІҢ БАСТАУЫ
ЖАҢА ЖАТАҚХАНА — ЖАЙЛЫ ӨМІРДІҢ БАСТАУЫ
Бүгін Сырым ауданында жаңадан салынған колледж жатақханасы салтанатты түрде ашылды.
Көктемгі су тасқыны кезінде Сырым колледжінің 1968 жылы бой көтерген көне жатақханасы да зардап шегіп, тұруға жарамсыз боп қалған еді.
Бүгін пайдалануға берілген жаңа ғимарат— студенттердің білім алуы мен тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған зор қадам болды.
— Бүгін колледж үшін ғана емес, осында білім алып жатқан студенттер үшін тарихи күн. Батыс Қазақстан облысында 35 колледж бар. Сырым ауданында орталығында бой көтеріп, келбеті мен сән-салтанаты келісіп, барлық жағдайы жасалған бұл жатақханада жастарымыз еш алаңсыз білім алады. Биылғы жылды Мемлекет басшысы «Жұмысшы жылы» деп жариялады. «Жұмысшы жылында» кәсіптік-техникалық мамандықтарды даярлайтын білім ордаларына барлық жағдайды жасауға тырысып жатырмыз. Өңірдегі 35 колледждің 10-ы «Жас маман» бағдарламасы аясында соңғы үлгідегі, бүгінгі заман талаптарына сай құрал-жабдықтармен қамтылған. Өңірдегі басқа да колледждерді облыстық бюджет қаржысымен біртіндеп жабдықтайтын боламыз. Бүгінгі ашылған жатақханада балалардың білім алып қана қоймай, спортпен шұғылдануына, кітап оқуына, акт залда шаралар өткізуіне мүмкіндік жасалған. Колледж алғаш 1959 жылы ашылған болса, бүгін жаңа дәуір, жаңа заманда керемет жатақ үйі пайдалануға берілмек. Құрылысты жүргізген «Тасқала Транс Газ» ЖШС-іне алғысым зор, -деді Нариман Төреғалиұлы.
30 орындық студенттер үйінің құрылысын мердігер «Тасқала Транс Газ» ЖШС жүргізді. Ғимараттың жалпы алаңы 1179,2 шаршы метрді құрайды. Жоба құны — 647,8 млн теңге.
Жаңа жатақхананың ашылуында лента қию рәсімін облыс әкімі Нариман Төреғалиев пен ҚР Құрметті спорт қызметкері Санат Берсебаев жүргізді.
«Жақсыны көрмек үшін» дегендей, қонақтар жаңа ғимараттың ішіне еніп, жарқыраған кең бөлмелерін аралап, студенттердің өнерін тамашалады. Облыста волейболдан дес бермей, чемпион атанған спортшы арулар ойын көрсетті. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев жатақханаға үстел теннисін сыйға тартты. Одан кейін студенттермен естелік суретке түсті.