Берік Абрекұлы 1977-1982 жылдары Целиноград қаласындағы инженерлік құрылыс институтын жол жөндеу техникалық мамандығы бойынша бітірді. Жоғары білімді маман иесі атанып елге оралған Берік Абрекұлы алғашқы еңбек баспалдағын аудандағы №43-ші жол жөндеу учаскесінде шебер болып бастады.
Беріктің қызметтік сатылары жылдар еншісінде биіктеп, аудандық автокөлік кәсіпорыны бастығының орынбасары, аудандық халқықа тұрмыстық қызмет көрсету комбинатының директоры, аудандық экология инспекциясының инспекторы, «Орал жолдары» АҚ-ның Сырым жол учаскесінің бастығы, аудандық коммуналдық кәсіпорнының директоры, Жымпиты ауылдық округінің әкімі, аудандық №39 жол учаскесінің директоры, «Жымпиты - Сервис» ЖШС-і директоры сияқты қызметтерді абыройлы атқару бұйырды.
Әрине, жылдың әр баспалдағында Беріктің қалдырған еңбек өрнектері тайға таңба басқандай сайрап жатыр. Мәселен ол өткен жылдары өзіне ұстаз ретінде ақыл-кеңесін айтқан Қапан Хасанов, Қуандық Жакиев, Жүсіп Мұқамбетжанов ағаларының есімдерін құрметпен атап, әңгімелейді.
Сондай-ақ Берік Абрекұлы сонау 1990 жылғы қиын кезеңдерде жол мекемесінде басшылық еткен жылдарын еске алып, Ақтөбе, Қаратөбе аралықтағы шекараға дейінгі жолдардың күтімі, ауданға қарасты ауылдық округтердегі жол қатынасынан үзілістер болмауын қадағалау, жұмысшыларды азық-түлік, киіммен қамтудағы міндеттерін үнемі назарда болғанын тілге тиек етеді.
Кейіпкеріміз өзінің еңбектегі тәжірбиесімен үнемі бөлісіп, жастарға кәсіби шеберлігімен үлгі-өнеге болуда.
Қоғамның белсендісі, мемлекеттік қызметтің майталманы Берік Бисалиев бүгінде зейнеткер. Бірақ, ол әлі де сапта, жауапкершілігі мол қызметтің тізгінін қолында ұстаған.
Яғни, Берік Абрекұлы әр жылдары №291 Қарасу сайлау учаскесінің және №290 Жымпиты сайлау уаскесінің төрағасы ретінде саяси науқандардың бел ортасынан табылып, өз міндетін абыройлы атқарып жүр.
Яғни, ол 1999 жылдан учаскелік сайлау комиссиясының мүшесі ретінде еліміздегі сайлау жүйесінің дамуына мінсіз қызмет етіп, саяси доданың заң талаптарына сәйкес өткізілуі бағытында сүбелі үлесін қосып жүрген азамат.
Берік Бисалиев қаржы саласының ардагері, зайыбы Қаныммен бірге Берген, Ерлан атты ұлдар тәрбиелеп, келіндері мен немерелерінің бал дәурен қызығына бөленіп отырған өнегелі шаңырақтың иесі.
Сонымен қатар қол жеткізген табыстары мен адал еңбегі үшін ол бірнеше рет мемлекет тарапынан алғыс хат, Құрмет грамотасы, мерекелік медальдармен марапатталды.