Жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязына, қолайсыз ауа райына қарамастан, ісін адал атқарған еңбегі ерен ерлер ел ішінде баршылық. Солардың бірі, еңбегімен елдің алқауына бөленіп, ата жолымен қолына ақ таяқ ұстап, төрт түліктің бабын тапқан Бақтыбай Бектілеуовтің есімі бұландықтар үшін аңыз адамдай аталады. «Ердің атын еңбек шығарады» деген. Ағамыз Бұлан ауылында мал шаруашылығы саласында ұзақ жылдар еселі еңбек етіп, жұмыстың көрігін қыздырды. Еңбексүйгіштік қасиетінің арқасында елеулі нәтижеге жетіп, озық көрінді. Ел қазынасының артып, ауыл шаруашылығының өркендеуіне мол үлес қосты.
Бақтыбай Дүйсенбайұлы 1959 жылдың қарашасында Шідерті жағасында дүниеге келді. Еңбекке ерте араласты. Қайнаған еңбек майданына он бес жасында кірісті. 1974 жылы қыркүйекте Шідерті мал бордақылау кеңшарына малшы болып жұмысқа кірді. 1978-1981 жылы әскер қатарында болды. 1981 жылдың шілдесінде Шідерті мал бордақылау кеңшарының малшысы болып жұмысқа орналасты. 1993 жылдан бастап жеке тұрғындардың жылқы бақташысы болып, 1999 жылы шілдеде Шідерті мал бордақылау кеңшарының таратылуына байланысты жұмыстан босатылды. Алайда ақ таяғымен қош айтыспай, бақташылықты жалғастыра берді. Содан 2022 жылға дейін жеке тұрғындардың ірі қара малын бағып, зейнеткерлікке шықты. Бақтыбай ағаның – нағыз еңбек адамының саналы ғұмырында малдың соңында жүріп тапқан наны адал болғанына ешкімнің де қылаудай күмән келтірмейтіні анық.
Президентіміз «Біз еңбекқор болуымыз керек» деген болатын. Жастарға еңбекқорлықтың шынайы бейнесі ретінде Бақтыбай Дүйсенбайұлын мақтана, үлгі етіп айта аламыз.
– Әрбір адам өз жұмысына адал болып, ісін соңына дейін жеткізу қажет. Қай жұмыстың да оңайы жоқ. Ол үшін төзімділік пен сабырлық қажет. Кейінгі жастарға да үнемі осыны айтып отырамын. Қиындық кез келген жұмыста болады. Барлығы төзімділік пен шыдамдылықты талап етеді. Бірақ ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге де болмайды. Адам тұрақты болуы керек. Қандай жұмыс істесең де шын ынтаңмен істеп, ешқашан жалқауланбау керек, себебі, ол – сенің жейтін наның,- деген оның өсиет сөзі кейінгі жастардың бойына бойтұмардай екен.
Бақтыбай Бектілеуов – отбасының тірегі, кішіге қамқор аға, үлкенге ізетті іні, ағайынға жанашыр ретін¬де де өнегесі мол. Отбасында жарымен бірге екі қыз өсіріп, жиен немере сүйіп отыр.
Жастайынан еңбекке араласып, табаны жерден, маңдайы күннен ажырамаған бақташының көрген қиындығы, төккен тері, ерен еңбегі бір мақалаға емес, бір кітапқа жүк болары сөзсіз.
Шынар МОЛДАНИЯЗОВА