БОЛАТ СЫМҒА «БАЙЛАНҒАН» БОЛАТ

БОЛАТ СЫМҒА «БАЙЛАНҒАН» БОЛАТ
БОЛАТ СЫМҒА «БАЙЛАНҒАН» БОЛАТ
Жалпы электр желісі саласында жұмыс істеудің қиындығы жетерлік.
Түн қатып электр торабындағы кезекшілік бөлімге жер-жерден шұғыл қоңыраулар түсіп жатады.
Қатты желдің зардабынан электр бағанасы құлады немесе сымдар үзілді, жарық өшіп қалды деген қоңыраулар түсісімен, тораптағы электр мамандары да «атқа қонады».
Әрине, мұндай жедел қоңырауларға Сырым аудандық электр торабының монтері Болат Райымовтың еті әбден үйреніп кеткен.
Дабыл түскен жерге әзір тұрған көк тракторына тез мініп алып, жетіп барады. Барады да, істен шыққан ақауды шұғыл жөндеп іске қосады.
Жарық етіп жанған жарыққа тұрғындар мәз болып жатады, ал бұған Болат та сәл жымиып қойып, ісінің оңға басқанына риза болған кейіпте жұмыс орнына жаймен аяңдап қозғалады.
Болат Райымов ауданға қарасты Қособа ауылында туып өсті. Қособа орта мектебін 1982 жылы ойдағыдай бітірген соң, екі жылдай әскери борышын өткерді.
Әскерден ауылға келгесін Болат алған мамандығына сәйкесті шопыр, механизатор болып еңбекке араласты.
Көпті көрген ел ағаларынан үйренді, еңбекке талпынды. Үйренгені өзіне қолайлы болды, ертеңіне мол тәжірибе жинақтады.
Кеңшарда аға шопан болып еңбек еткен марқұм әкесі Кеңестің де бұл тұрғыда ұлына айтқан өзіндік ақылы үлкен қолдау болғандығы шындық.
Мына қызықты қараңызшы, жастай еңбекке араласқан Болаттың бойында электр қуатына деген құштарлық әуелден болатын.
Электр сымдарын жалғау, тоқ көздерін шұқылап жөндеу сияқты жұмыстарды ол тез арада жөндеп тастаушы еді. Ақыры осы құштарлық Болатты аудандық электр торабына жұмысқа орналасуға әкеліп тіреді. Болат Кеңесұлының осы мекемеде тұрақты еңбек еткеніне де он жылға жуық мерзім болыпты. Ал, осы жылдар ішінде Болаттың араласуымен атқарылған кейбір түйінді жұмыстардың кейбіріне жоғарыда тоқталып өттік.
Болат Райымов — аудандық электр торабындағы бесаспап маманның бірі.
Ол - көлік жүргізуші шопыр, механизатор, электр монтері.
Осы саланы шеберлікпен меңгере білген Болат жоғары басшылық тарапынан еңбегіне орай лайықты бағасын алып, бірнеше рет алғыс хат, құрмет грамотасымен марапатталды.
Болат отбасында зайыбы Венерамен екі қыз тәрбиелеп өсірген үлгілі әке.
— Болат Райымов мекемедегі өз мамандығының шебері, күні-түні болып жататын шұғыл жұмыстардың ортасында жүретін атпал азамат. Кейде біздің Болатқа көршілес аудандар да «құда түсіп», жұмысқа көмектесуге шақырып жатады. Бұл әрине, Болаттың еңбегін бағаландық деп түсінеміз. Болат сымға болаттай «байланған» Болатымызбен біздер әркезде мақтанамыз,-дейді аудандық электр торабы басшысының міндетін атқарушы, мекеменің бас инженері Серікбол Мұқанов.
Бұл пікірге біздердің алып қосарымыз жоқ, әбден қолдаймыз.
Еңбек адамдары осындай болса керек.
«Адам баласы еңбегімен көрікті» деген осы ғой, шіркін.
Мүсірбек АЙТАШЕВ