ДАЛА ТӨСІ ДҮБІРГЕ ТОЛДЫ

ДАЛА ТӨСІ ДҮБІРГЕ ТОЛДЫ
ДАЛА ТӨСІ ДҮБІРГЕ ТОЛДЫ
Сырым ауданы Жетікөл ауылының қалыптасуына үлес қосқан ел азаматы Әкімғожин Ғалиасқар Мұхамбедиярұлының 95 жылдығына орай 25 қазан Республика күні қарсаңында “АСЫЛ АУЫЛ, АСҚАР АЗАМАТ…” атты мәдени шара дала қызықтарымен жалғасты.
Той төбеде жалғасқан мәдени шараның алғы сөзін Жетікөл ауылының әкімі Айдархан Рамазанов сөйлеп, барша ауылдастарымен ел қонақтарына “құтты болсын” айтты.
Ғалиасқар Мұхамбедиярұлының ұрпақтары атынан сөйлеген Нұрболат Әкімғожиннің сөзінен соң жұрт, көмейіне бұлбұл ұялаған Нұршат Ғұбайдуллиннің “Жетікөлім” әніне құлақ түрді.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері “Құрмет грамотасының” иегері, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, әнші-композитор Донеділ Қажымов “Ақжайық ару мекенім” әнін шырқады.
Жетікөл даласының төріне жиылған жұрт тай жарысына, таза қанды тайлар бәйгесіне және аламан бәйгенің аттары дүбірлеткен дала қызығына куә болды.Одан бөлек боз кілемде белдескен балуандарға қиқу салып, арқан тартыс ойынын тамашалады.
Ғалиасқар Мұхамбедиярұлының ағайын, іні-бауырларының қолдауымен өткен жарыстың жүлдегерлері диплом, медаль және ақшалай сыйлыққа ие болды.
Сырым елі