Сырым ауданы әкімі аппаратының басшысы Ерболат Ахметов 9-қазан —Дүниежүзілік пошта қызметкерлері күніне орай «Қазпошта» АҚ БҚО филиалының Сырым аудандық пошта байланыс торабының басшысы Айнагүл Жұмиеваны қабылдады. Аудан әкімі атынан құттықтау хат пен гүл шоғын табыс етті.
— Ақпарат беру, хабар алмасу, сәлемдеме, хат тасымалдау секілді қызметтің тамыры тереңде жатыр. Саладағы жаңашылдықтар мен жарқын істер халық игілігіне қызмет етуде. Пошта қызметі әрбір отбасына хат-хабар ғана емес, қуаныш пен шаттық сыйласын. Сіз арқылы ұжымыңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін!-Ерболат Әжмұхамбетұлы.
— Сырым аудандық пошта байланыс торабында 30 қызметкер еңбек етсе, оның 20-сы аудан орталығында, 10-ы ауылдық пошта бөлімшелерінде жұмыс жасауда. Қазір заманның қажеттілігіне қарай қызмет түрлері оңайлатылған жүйеге көшті. Мекемеде бірнеше ондаған жылдар бойы қызмет атқарып келетін қызметкерлер бар. Олар пошта саласының дамуы, жаңғыруы жолында талмай еңбектенуде, -деді құттықтауды қабыл алған Айнагүл Мақсотқызы.