ӘУЕДЕ ІЛІНГЕН ДОП немесе ЖАНБОТА ЖҰРТЫНЫҢ ЖАДЫНДА

ӘУЕДЕ ІЛІНГЕН ДОП немесе ЖАНБОТА ЖҰРТЫНЫҢ ЖАДЫНДА
ӘУЕДЕ ІЛІНГЕН ДОП
немесе
ЖАНБОТА ЖҰРТЫНЫҢ ЖАДЫНДА
Волейбол ойнау үшін ауданға Аралтөбе ауылынан арнайы келетін бойы ұзын ырғайдай қараторы жігітті жанкүйерлер әлі ұмытқан жоқ. Онығ садақтың жағындай серпіліп - секіретіні, допты қақпақылдай қағып алып, қаққан бойда әуеге қай самғататыны, жасыл жейдесінің етегімен тершіген бетін сүртіп қойып, командасы үшін жанталасып жататыны - бәрі көркем көрініс еді. Амал не, Жанбота жалған дүниемен ертерек қоштасты. Жарқ етті де жоқ болды деген осы. Оның әуелеткен добы да жерге түспей ауаға ілініп тұрып қалғандай…
Кешегі жексенбіде волейболдан аудандық, облыстық жарыстардың жүлдегері, Сырым ауданы құрамасының ойыншысы, «Қайсар» спорт клубының Аралтөбе ауылдық округінің әдіскері ретінде бұқаралық спортты дамытуға зор үлес қосқан Нұрғалиев Жанбота Ерболұлын еске алуға арналған ерлер командалары арасында аудандық ашық турнир өтті.
Доп додасына 7 команда қатысты. Жымпиты алаңында ойнау үшін Бөрлі және Қаратөбе аудандарының да құрамалары келді. Жанбота өзі ойнаған Аралтөбе ауылдық округінің командасы бұл жарысқа екі топ құрама шығарды.
Жарыстың ашылу салтанатына Аралтөбе ауылдық округінің әкімі Ә.Мұхитов, белгілі продюсер, бауыры А.Шарипов, досы С.Қабасов және отбасы қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
“Қайсар” спорт клубының медиа маманы Жасқанат Есламғалиев берген мәліметке сүйенсек, жарыс қорытындысы төмендегідей:
І орын – Бұлдырты ауылының құрамасы
ІІ орын – “Конденсат” командасы /Бөрлі/
ІІІ орын – Жосалы ауылының құрамасы
Шөптікөл /Қаратөбе/ командасы «Жеңіске деген жігері үшін» марапатталды.
Үздік ойыншылар:
«Үздік қорғаушы» - Ерахметов Сұлтанбек /Шөптікөл/
«Үздік байланыстырушы» - Хайруллин Асет /Конденсат/
«Үздік шабуылшы» - Тельманов Алишер
«Үздік ойыншы» - Сатканов Жігер
Жеңімпаз бен жүлдегер командалар «Қайсар” спорт клубының және Жанботаның бауыр - достары А.Шарипов, С.Қабасовтың, Нұрғалиевтер жанұясының сыйлық - құрметтеріне ие болды.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы
📸 Жасқанат ЕСЛАМҒАЛИЕВ