ЕЛТАЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Бүгін аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов Елтай ауылдық округінің тұрғындарына әкімін таныстырды.
Ауылдық округ әкімінің сайлауы нәтижесінде Байыров Рашид Серікұлы басым дауыс жинап, Елтай ауылдық округінің әкімі болып қайта сайланды.
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 14-бабының 9) тармақшасына және 113-11-бабына сәйкес Сырым ауданының аумақтық сайлау комиссиясы 2024 жылғы 17 қыркүйектегі №1.30/71 шешімімен Елтай ауылдық округінің сайланған әкімін тіркеді.
Сырым аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Мейірбек Хасанов Рашид Байыровқа куәлік табыс етті. Аудан басшысы қайта сайланған әкімге халықтың сенім үдесінен шығуды тапсырып, сәттілік тіледі. «Бір басшыға — мың қосшы» дегендей, елтайлықтар да әкімдеріне құтты болсын айтты. Рашид Серікұлы өзіне артылған сенім жүгін жауапкершілікпен арқалауға уәде берді.
Айта кетейік, Рашид Байыров 1984 жылы 27 тамызда Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Аралтөбе ауылында дүниеге келген. Ұлты — қазақ. Білімі жоғары. 2005 жылы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін кәсіпорындағы экономика және қаржы мамандығы бойынша аяқтаған.
Еңбек жолын 2006 жылы Талдыбұлақ ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман есепшісі болып бастаған. 2007-2008 жылдары Сырым ауданы бойынша салық комитетінің маманы, 2008-2010 жылдары БҚО #38 «Балбөбек» МКҚК есепшісі, 2012-2013 жылдары Аралтөбе ауылдық округі әкімі аппаратының статисті, 2014-2020 жылдары Аралтөбе ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы, бас маманы лауазымдарында қызмет атқарған.
2020 жылдың қазан айынан бастап қазіргі уақытқа дейін Елтай ауылдық округінің әкімі лауазымында қызмет атқарды.
Отбасылы, 2 баласы бар.