БІЗДІ ЗАҢ БІРІКТІРЕДІ

БІЗДІ ЗАҢ БІРІКТІРЕДІ
БІЗДІ ЗАҢ БІРІКТІРЕДІ
Бүгін Сырым аудандық мәдениет үйінде ҚР Конституциясы күніне арналған салтанатты жиын өтті. Жиын Мемлекеттік Гимнімен басталды.
Тұрғындарды айбынды Ата заң мерекесімен Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов құттықтады:
- Конституция – болашақ табыстар мен алға қойылған мақсаттарды шешудің алтын діңгегі, ең жоғары заңдық күші бар құжат ретінде бүкіл халықтың атынан қабылданды. Сондықтан да Қазақстан Республикасының Коституциясының: «Біз ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы...» - деп басталуы тегіннен-тегін емес. Қоғамның өркендеуіне қарқын қосып, Қазақстан халқының бірлігіне жол бастаған Ата Заңда бекітілген Конституциялық нормалар бүгінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеді.
Халықты ортақ тағдыр, ортақ тарих және заңның ортақ кепілі біріктіреді.
Бірліктен ажырамайық! – деді Жұмагелді Жолдыбайұлы.
Шарада Сырым аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция капитаны Амангелді Мекин, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, подполковник Мұрат Сарсеев, Сырым аудандық пробация қызметінің аға инспекторы, әділет майоры Нұржан Искарин, Сырым аудандық сотының төрағасы Марина Сахипова аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Сахнадағы салтанатты сәт «Демалыс орталығы» МКҚК көркемөнерпаздарының концертіне ұласты. Осы концертте жергілікті әнші, композитор Армат Алдамжаровтың Қадыр Мырза Әлидің сөзіне жазылған «Қазақ пен қонақ» әні орындалды.
Туындыны шырқағандар – Айгүл Сисенова, Гүлдерайым Опағалиева және Ақбота Ыбыраева.
Б. ШЕРІМ,
«Сырым елі»
Суреттерді түсірген: Қоңдыкер ЕЛЕУОВ