ОРАЛБЕКТІ ХАЛҚЫ ҰМЫТПАЙДЫ
Аудандық мәдениет үйінде Мұқадес Есламғалиұлы атындағы аудандық кітапхана, С.Датұлы атындағы аудандық тарихи-өлкетану мұражайы және аудандық мәдени демалыс орталығының ұйымдастыруымен жан тебірентерліктей шара өтті.
Бұл шара ҚР спорт шебері, самбо, дзюдо, қазақ күресінен облыстық теңдессіз шемпионы, дзюдодан облыстық, республикалық, халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, «Сырым» күрес мектебінің негізін қалаушы Оралбек Қожагелдиннің 60 жылдығына орай «Рухы биік намысты ұл» тақырыбында еске алуға арналды.
Спорт мерекесі күнімен орайлас өткізіліп отырған шараға спорт саласының еңбек сіңірген қайраткері Серікбай Жүкеев, ардагер спортшы Еркін Шүренов, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы, жерлесі Асхат Дүйсенғалиев , Саламат Мүтиев, аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушылары мен тәрбиеленушілері,« Қайсар» спорт клубының ұжымы, көз көрген достары қатысты.
Шарада О.Қожагелдиннің өміріне арналған бейне фильм көрсетілді.
Ал, С.Жүкеев , А.Дүйсенғалиев , Е.Мұқанов батыр Оралбек жөнінде есте қалған оқиғалар жөнінде әсерлі баяндап, батыр бейнесін жұрт жадында қайта жаңғыртты.
Кешке қатысқандар елдің батыр баласының өмірдегі жүрген жолдарынан мол деректерге қанығып, әсерлі естеліктерге куә болды.
Кеште аудандық мұражайдың қызметкері Тілеген Отарбаев батыр ұл Оралбек Қожагелдин қолданған спорттық киімдер, құжаттар, спорттық құралдар жөнінде шолу жасады.
Ал, мәдениет қызметкерлері Оралбекке арналған әндерді орындап, жырларды оқыды.
Шараны М. Есламғалиұлы атындағы аудандық кітапхананың директоры Айнур Уалиахметова қорытындылап, қонақтарға алғысын айтты.
Жас ұрпақ үшін тағылымды мұндай шара келешекте де жоспарлы түрде өткізіліп тұрады.
Мүсірбек ӘЛІБЕКҰЛЫ