СЫРЫМДЫҚ ОҚУШЫЛАР «AGROFEST - ТЕ»!

СЫРЫМДЫҚ ОҚУШЫЛАР «AGROFEST - ТЕ»!
СЫРЫМДЫҚ ОҚУШЫЛАР «AGROFEST - ТЕ»!
Ағымдағы жылдың 25 шілде күні Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының ұйымдастыруымен Бәйтерек ауданының Сұлукөл ауылында «АгроСервис-Батыс» ЖШС базасында «AGROFEST BATYS-2024» мамандандырылған ауыл шаруашылығы көрмесі өтті.
Аталған көрмеге көрермен болғандардың қатарында сырымдық оқушылар да бар. Сырым мектеп-лицейінің және Қадыр Мырза Әлі атындағы жалпы білім беретін мектептің 9-сынып оқушылары ауыл шаруашылығының перспективаларын көріп, агробизнесті дамыту бойынша үздік спикерлермен танысып, олардың осы саланың маңызы туралы қызықты әңгімелерін тыңдап келді.
Фестивальдің мақсаты – агротуризмді дамыту, ауылмен және агробизнеспен байланыста болу үшін алаң құру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы қызметкерінің мәртебесін арттыру.
Фестиваль ұйымдастырушысы Армат Бисеновтың айтуы бойынша, бұл фестиваль биыл үшінші рет өткізіліп жатыр. Биыл шара 3 күнге созылды. 1-ші күні облысымыздың аудандарынан оқушылар, мұғалімдер бас қосты.
«Аграрлық фестивальдің арқасында оқушылар ауылшаруашылық кәсібінің біз білмейтін жаңа технологияларымен танысты. Сонымен қатар, кәсіпкерлеріміздің мотивациялық әңгімелерін тыңдап қайтты.
Бұл сапар оқушыларға ерекше әсер қалдырды деген ойдамын», -дейді Сырым мектеп-лицейінің тәлімгері
Мөлдір Азаматқызы.
Ұйымдастырушылар іс-шараға қатысушылар мен келушілер үшін ауыл шаруашылығы техникасының, жабдықтардың, ауыл шаруашылығы жануарларының көрмесін, ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциялық жетістіктеріне арналған алаңды, ІҚМ, ұсақ мал және жылқы етінен чемпионатты қамтитын ауқымды бағдарлама дайындады.
Оқушылар үшін бұл шараның орыны ерекше.Оны “Маған бұл сапар ерекше әсер қалдырды. Көптеген пайдалы ақпарат алдым. Елімізге танылған мықты бизнесмен ағаларымыз спикер ретінде сөйлеп, бізге қажет кеңес, болашаққа сенімділік берді.Сонымен қатар ауылшаруашылығында қолданылатын жаңа технологиялар түрлерімен таныстық. Шара соңына қарай Орал қаласының техникалық университеті өздері жасап шығарған иновациялық көлік түрлерімен бізді тәнті етті. Жалпылай айтқанда шара өте жоғары дәрежеде өтті.”-дейді Сырым мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Мөлдір ТОҚМЫРЗА.
Қоңдыкер ЕЛЕУОВ,
“Сырым елі”