ЕЛТАЙЛЫҚТАРДЫҢ АЙТАР НАЗЫ КӨП
Елтай ауылдық округінің әкімі Рашид Байыровтың халық алдында есеп беру жиынына аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов, аудандық мәслихаттың төрағасы Шынар Дүйсенғалиева, аудандық мәслихаттың депутаты Айнагүл Ойшыбаева, бөлім, мекеме басшылары қатысты.
Рашид Серікұлының биылғы жылдың жартыжылдығында атқарылған жұмыстары жөнінде жасаған хабарламасынан соң,«ендігі мәселе ит ату» деп бір жиында ағамыз айтқандай, залдағы халық арасынан иттерді ату жәйі көтерілді.
Бұралқы иттерді атушылар ауылға келер алды ауыл әкімі телефон арқылы « ит атушылар келе жатыр» деп алдын-ала халыққа хабарлап қояды да, нәтижесінде тұрғындар арасында иттерін қораға қамап, тығып қоятындар бар дейді тұрғындар.
Жиында ауыл әкімінің атқарған қызметіне көңілдері толмайтындар қатары көп екендігі байқалды.
— Округ әкімі халықпен ақылдасып , кеңеспейді. Тіпті, көктем, жаз айы округте қандай жұмыс атқарылатындығы, мал бағымы жөнінде жиналыс өткізілген жоқ, - дейді халық. — Мектеп оқушылары түрлі байқауларға жалдамалы жеке көлікпен барады, ал мұның соңы не боларын кім білген? Мектепке арнайы көлік неге алынбайды? Қоғамдық ұйымдар болса үнсіз. Жергілікті қауымдастық құрамы өкілдерін құрып, жаңарту керек. Жастармен жұмыс қолға алынған емес, жандандыру қажет. Округтегі бөгет мал моласы өте өзекті мәселеге айналған. Қоқыс полигоны қоршалмаған, мал моласындағы өлекселер көміліп, өртелмеген соң сасып жатыр. Жалпы, ауыл әкімі жергілікті халықпен ақылдаспайды, бұл қалай сонда? -- деген наздарын елтайлықтар ашына айтты.
Жиынды аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов қорытындылап , айтылған сын-ескертпелер, ұсыныстар аяқсыз қалмайтындығын, нақты нәтижесі болатындығын айтты.