ДАТОВ КӨШЕСІНДЕГІ ДУМАН

ДАТОВ КӨШЕСІНДЕГІ ДУМАН
ДАТОВ КӨШЕСІНДЕГІ ДУМАН
Наурыз тойы толықтай бұқаралық сипатқа ие бола бастаған. Қазіргі уақытта көшелер әкімдік ұйымдастыратын, мәдениет үйі киіз үй құратын орталықтағы тойды күтіп отырмайды. Әр көше өзінің думанын бастай береді.
Мәселен, бүгін С. Датов көшесінің тұрғындары ертерек оянды. Есік алдындағы қара жол жабылды. “Газель” көлігі көлденең қойылып, борты сахна ретінде безендірілді. Үстелдер тізіліп, ұзын ырғай дастархан жайылды. Орындықтар, сәкілер құрылды. Наурыз той өтуіне байланысты Сырым аудандық полиция бөлімі түске дейін С. Датов көшесінің басында автокөлік қозғалысын шектеді.
Балалар асық ойнап, кейін бата беріп жарысты. Көшедегі наурыз тіршілікті терезеден тамашалап, үйде отырған үлкен кісілерге керемет көңіл сыйлады. Есік алдына келген мейрамнан құр қалмалық деп, оюлы шапан, қамзолдарын киіп тойға келді. Тұрғындар қарияларын төрге отырғызып, дәм ұсынып, құрмет қылды.
Ертең орталық алаңда Наурызнама онкүндігінің аясында кең көлемді мәдени - бұқаралық шара өтеді.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы