СЫРЫМДЫҚ ХИРУРГТАРДЫ ҚАБЫЛДАДЫ
14 наурыз Көрісу айт мерекесі қарсаңында Сырым ауданы әкімі Жұмагелді Батырниязов сырымдық қос хирургты қабылдады.
- Мереке қарсаңында ауданымызға келіп, жергілікті дәрігерлермен бірлесіп халыққа консультативтік көмек көрсетіп жатырғандарыңызға алғыс білдіреміз. Еңбек жолдарыңызды туған жерден, Сырым елінен бастап, жерлестерді қолдап жүретіндеріңізге рақмет!,- деді ризашылығын білдірген аудан басшысы.
Аудан әкімінің қабылдауында болған Алмат Оразов пен Бекежан Траисов облыстағы танымал хирургтар.
Алмат Айсағалиұлы бүгінде Орал қаласындағы көпбейінді қалалық аурухананың хирург - дәрігер, жоспарлы хирургия бөлімінің меңгерушісі, пластикалық хирург, Бекежан Қаласұлы облыстық көпбейінді ауруханасының нейрохирург дәрігері.
Құрметке бөленген ақ халатты абзал жандар еңбек жолдарымен, естеліктерімен бөлісті.
Аудандық аурухана директоры Сабыр Меңдешев әріптестері атынан аудан әкімдігіне алғыс білдірді.
Жұмагелді Жолдыбайұлы адам жанының арашасы болып жүрген қос дәрігерге алғыс хат және ауыл азаматтары атынан қос тұлпар мінгізді.
Айжан БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Сырым ауданы