Аудандық мәдениет үйінде «ҚР Мәдениет саласының үздігі», «Еңбек даңқы» төсбелгілерінің иегері, режиссер Айгүл Лұқпанованың 60 жас мерейтойына орай «Өмір сұлу» атты бенефисі өтті.
Кештің басты кейіпкері – режиссер мамандығын жанына серік етіп, ұзақ жылдар осы салада еңбек етіп, Сырым ауданының мәдениет саласына елеулі үлес қосқан білікті маман.
Алдымен А.Лұқпанованың аудан мәдениетін өркендету жолында жасаған қызметі жайында бейнеролик көрсетілді. «Жымпиты» халықтық театры Қ.Мырза Әлінің «Түрт, сайтаным, түрт» философиялық комедиясынан үзінді қойды. Айгүл Кеңесқызының 10 жылға жуық режиссерлік қызметіндегі бұл қойылым 2006 жылы облыстық қазақ драма театрында қала жұртшылығының назарына ұсынылды.
«Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері Жакен Маева Шәмші Қалдаяқовтың «Туған күн кешінде» әнін орындап, мерейтой иесіне жылы лебізін жеткізді.
Аудан әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев құттықтау сөз сөйлеп, аудан әкімінің құттықтау хатын табыс етіп, қамзол мен шарқат жапты.
Шараны жүргізуші Марат Халиуллин 2024 жылдың ақпан айында Айгүл Кеңесқызының мәдениет саласына келгеніне тура 40 жыл толатынын айтып, алғашқы жұмысқа келген уақыты жайлы естелік айтуды сұрады.
Мәдениет саласының ардагері, Сырым ауданының тумасы, қазіргі уақытта Алматы қаласының тұрғыны Айгүл Кеңесқызының әріптесі болған Бақытжамал Нұрғалиева құттықтау сәлемін экран арқылы жеткізді.
«Аққайың» вокалды-аспапты ансамблі «День рождения», «Қайдасыңдар, достарым», «Студенттердің қоштасу әні», Модерн Токингтің әндерінен «Попурри» орындап, кешің ажарын аша түсті.
Бірге қызмет еткен әріптестері Төлеген Есмұханов, Талғат Шайхиев, Гүлсім Шахина құттықтау сөз сөйледі.
Айгүл Лұқпанова Бауыржан Ширмединұлының «Ала дорба» өлеңін оқып, осы өлең анасын еске түсіретіні жайлы айтып, тебіренді.
Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Серік Тоқмамбетов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, аудандық «Сырым елі» газетінің жауапты хатшысы Мүсірбек Айташев құттықтап, мерейтой иесіне сый-сияпаттарын тарту етті.
Кеш иесінің сыныптастары да сахна төрінен табылып, камзолмен орамал жауып, өлең арнады.
Айгүл Кеңесқызының шәкірті, қазіргі уақытта Астана қаласының тұратын Эльмира Бақтыгерееваның құттықтау сәлемі экран арқылы ұсынылды.
1981-1984 жылдары Орал қалалық мәдени-ағарту училищесінде бірге оқып, студенттік шақты бірге өткізген құрбылары Зоя Есенғалиева, Салия Темешова құттықтау сөз сөйлеп, Айгүл Лұқпановамен бірге «Құрбылар» атты халық әнін шырқады.
Бүгінде Айгүл Лұқпанова «Демалыс орталығының» ең жасы үлкен қызметкері екен. Шарада Айгүл Кеңесқызының ізінен ерген жас, орта жастағы әріптестері ұжым болып, сахнада ән арнап, ерекше тосын сый жасады.
Әсемдікке, әдемілікке толы толы шара «Өмір сұлу» әнімен қорытындыланды. Бұл әнді замандас мәдениет майталмандары Айгүл Лұқпанова мен Жакен Маева шырқады. Бахтыханым Жұмағалиева жетекшілік ететін Үлгілі «Жауқазын» би ансамблі әнге сай хореографиялық композиция қойды.