ТӘУЕЛСІЗДІК – ТАРИХ ТАРТУЫ
Ж.Досмұхамедов атындағы орта мектеп-балабақша-бөбекжай кешенінде Тәуелсіздік күніне орай іс-шара өтті. Іс-шараға аудандық білім беру бөлімінің басшысы Досжан Тайшиев, Желтоқсан оқиғасының куәгері Раушан Алдиярова, Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Айнагүл Ойшыбай, мектеп директоры Нұржауған Құлмұханова қатысты.
Мектеп оқушылары қонақтарды домбыраның күмбірімен қарсы алды. Күннің суреті салынған шыныға көк түске боялған су құйып, туды шығару трендін көрсетті. Меймандар Жаһанша музейін тамашалады.
Одан кейін шара «Қазақстан – біртұтас жер, біртұтас халық, біртұтас болашақ» дөңгелек үстелмен сабақтасты.
3-сынып оқушылары Тәуелсіздік тақырыбында өлеңдер оқыды. Мектептің тарихшысы Ербол Мақсатұлы бабаларымыз ұлт, ұрпақ алдындағы борышты қалай сезінді, біз қалай сезініп жүрміз, келер ұрпақ қалай сезіндіреміз деген тақырыпта ой өрбітті. Еліміздің тәуелсіздік жолында өткен жолдары туралы бейнефильм көрсетілді. Оқушылар «Алаш ұраны», «Жаһанша. Соңғы сөз» өлеңдерінің нақышына келтіре оқыды.
Қонақтар сөз сөйлеп, мерекемен құттықтап, азаттықтың ақ таңы атуы үшін халқымызың басынан небір қиындықтар өткенін айтты.
Желтоқсан оқиғасына қатысушы Раушан Алдиярова қаһарлы желтоқсанның қаралы күндерінде куә болғаны жайында естеліктерін әңгімеледі.