ҚАРИЯЛАР ДІН МӘСЕЛЕСІНЕ АЛАҢДАУЛЫ

ҚАРИЯЛАР ДІН МӘСЕЛЕСІНЕ АЛАҢДАУЛЫ
ҚАРИЯЛАР ДІН МӘСЕЛЕСІНЕ АЛАҢДАУЛЫ
Бүгін аудандық ардагерлер кеңесінде ардагерлердің қатысуымен діни ахуал, оның жөн-жоралғылары жөнінде өзара пікір алысу мақсатында кеңес өтті.
Кеңеске аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мүсірбек Айташев, ауданның бас имамы Нұрәлім Қисметов және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың теолог маманы Абдувахид Бабаханов арнайы қатысты.
Күн тәртібінде аудандағы діни ахуал мәселесі қаралды.
Нұрәлім Біржанұлы мен Абдувахид Абытханұлымен ардагерлер кеңінен әңгімелесті. Дін өкілдері қариялардың теріс діни ағымдағылар мен ханафи мәзһабын ұстанатындардың айырмашылығын, өмірден өткен адамды жерлеу туралы түсіндіріп, сауалдарға нақты жауаптарын берді.
Жиында қазір сақал өсірудің сәнге айналғаны сөз болды. Намаз оқитын да, оқымайтын да адам сақал өсіреді. Кейбір жастарға сақалдың жараспайтыны айтылды. Мысалы, жиынға қатысқан Зинедден Бисекенов, Бірән Қажымов, Ысқақ Күрпілдесов секлді қарияларға сақал әбден-ақ жарасып тұр. Елдің абыз ақсақалына айналған қариялар үшін сақалдың сән екені рас. Құдды бір бұрынғы билер секілді.
Ардагерлердің «мектеп жасындағы балаларға ораза ұстау мен намаз оқу ерте, оларға ораза ұстатпау керек» деген пікіріне жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың теолог маманы Абдувахид Бабаханов: «Алладан келген бұйрық бойынша балиғат жасына толған ұл мен қызға намаз оқып, ораза ұстау парыз, егер одан бұрын ұстанып жаста, тыйым салуға болады» десе, ауданның бас имамы Нұрәлім Қисметов: «Біз имам бола тұра, мұсылмандарды намаз оқу, ораза ұстау, жаназа намазына қатысу секілді сауапты істен тыя алмаймыз, сауап әкелетін істі жасама деп айта алмаймыз»,- деді.
«Теріс діни ағымды ұстанушылар имамдар мен теологтарды мойындамайды, сондықтан балаға діни тәрбие беруде отбасы, әке-анасы, ата-әжесі әсер ете білуі керек. Имамдар тікелей мектепке кіре алмайды, оларда білім ордаларына кіріп, уағыз айту құзіреті жоқ. Жастарды тәрбиелеуде қариялардың рөлі зор, жастарды теріс ағымнан қорғау үшін үлкендеріміз салт-дәстүрді олардың санасына неғұрлым көбірек сіңіру керек»,- дейді дін мамандары.
Шынар МОЛДАНИЯЗОВА