Бұрын Қазақстаннан «Болашақ» бағдарламасымен білім алатындардың саны саусақпен санарлық еді.
Бүгінде сол сайдың тасындай іріктелген санаулы студенттер арасында жерлесіміз, сырымдық Саят Нұрлан да бар.
Саят Жымпитыда дүниеге келіп Ж.Досмұхамедов атындағы мектептен бастауыш білім алып, кейіннен 5-6 сыныптары Орал қаласындағы С.Сейфуллин атындағы №11-ші дарынды балалар мектеп-интернатында, 7-12 сыныптарды Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебін оқып тәмамдайды.
- Мектеп жасында, бастауыш сыныптарда ауылда өсіп-өнгеніммен, 5-12 сыныптар аралығында интернатта тұрдым. Қазіргі таңда «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияда Queen`s University Belfast университетінде Environmental Engineering мамандығы бойынша магистратурада оқып жатырмын. Бала кезден Ұлыбританияның үздік оқу орындарында білім алуды армандаған едім. Болашағыма өзгеше қадам жасап, тәуекел етіп, өзімді шыңдау жолында көздегеніме қол жеткіздім десем болады. Ұлыбританияда жаңа мәдениет, жаңа орта өте жақсы әсер етіп, таным көкжиегіміз кеңейіп жатыр. Әлемнің әр түкпірінен келген достарыммен салыстырмалы түрде қарағанда өзгешеліктер, ерекшеліктердің өзі қызықты. Тек бір әттеген-айы өзіміздің елдің, ұлттық тағамдарын қатты сағындым. «Болашақпен» болашақта Қазақстанға оралып, алған білімімді, тәжірибемді еліме арнағым келеді,- дейді кейіпкеріміз.