«УЛЫ АҚПАРАТТАРҒА» ТОСҚАУЫЛ ҚАЖЕТ

«УЛЫ АҚПАРАТТАРҒА» ТОСҚАУЫЛ ҚАЖЕТ
«УЛЫ АҚПАРАТТАРҒА» ТОСҚАУЫЛ ҚАЖЕТ
Кеше Сырым ауданына жұмыс сапарымен облыстық дін басқармасының басшысы Талғат Нығмет келіп, дін бағытындағы ақпараттық түсіндіру тобының мүшелерімен жүздесті. Кездесуге Сырым ауданы әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев, БҚО дін мәселелерін зерттеу орталығының оңалту жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің басшысы Бағдат Адайхан қатысты.
Сырым ауданында діни экстремизмнің, теріс діни ағымдардың алдын алу бағытында жоспарлы жұмыстар жүріп жатыр. Әсіресе, тыйым салынған идеологиялардың таралуының алдын алу, жасөспірімдердің діни сауаттылығын арттыру, мемлекеттің дін саласындағы саясатын түсіндіру жағына басымдық берілуде. Негізгі дәрістер мешіттердің жамағаттарына оқылуда.
Теолог Абдууахит Бабахановтың айтуынша, теріс насихат бетпе – бет емес, астыртын, көп жағдайда әлеуметтік желі арқылы жасалады. Халықты «улы ақпараттардан» қорғау үшін желі беттерінде тура жолды көрсететін, дін менен дәстүріміздің жарасымдылығын насихаттайтын контент қалыптастыру маңызды. Осы мақсатта Сырым ауданында «Қаншалықты ақиқат?» атты бейнеролик түсірілген.
Ауданда ата – бабамыз таңдаған асыл жол – Әбу Ханифа мәзхабын ұстанушылардың білім деңгейін көтеруге көңіл бөлінуде. Алланың үйлерінде шариғат негіздерінен, араб тілінен, Құран оқудан сабақтар кестеге сай өтіп жатыр.
Б. ШЕРІМ,
Сырым ауданы