«АҚ ҚАЙЫҢНЫҢ» ЕЛУ ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ – АСПАПТАР АЛАМАНЫ
Сырымдықтар болып сүйіп тыңдайтын «Ақ қайың» вокалды-аспаптар ансамблінің құрылғанына биыл елу жыл толды. Бір адамның ғұмырындай уақыт. Ансамбльдің мерейтойын, соның ішінде жарты ғасырлық ғұмырын тойлап жатқандар кемде-кем. Тоқырау жылдары тарап кеткен, талан-таражға түскен ансамбльдер қаншама? Біздің «аққайыңдықтар» түрлі сындарға төтеп бере білді, сынбады. Жымпитылықтар үшін «Ақ қайың» сонысымен де қадірлі, ыстық.
Жарты ғасыр бойы жасап келетін «Ақ қайың» ансамблінің мерейтойын аудан ауқымды көлемде ұйымдастырды. Оның үстіне былтыр Тасқала ауданынан бас жүлдені жеңіп алып, ансамбльдер фестивалінің алауын жағу эстафетасын алып келгені бар, мұндай өнер додасының Жымпитының төрінде сән-салтанат құруы заңдылық еді.
«Ақ қайың» ВАА-ның 50 жылдығына орай ұйымдастырылған «Саз әлемі Сырымда» атты вокалды-аспапты ансамбльдер фестивалінің конферециясы аудандық мәдениет үйінің фойесінде өтті. Конференцияға Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Сырым ауданының Құрметті азаматы», Жаскелең Ғайсағалиев, халықаралық, республикалық әншілер байқауының лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Ғ.Құрманғалиев атындағы филармония әншісі Марат Сарбөпеев, «Ақ қайың» ансамблінің жетекшісі, «Қазақстан салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері Талғат Шайхиев, ҚР Президентінің «Құрмет» орденінің иегері, БҚО бойынша ауған соғысы мүгедек-ардагерлерінің қоғамдық бірлестігінің төрағасы Беркін Ғабделов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерлан Сәрсенов, аудандық «Демалыс орталығының» директоры Эльдар Әубекеров, Ақтөбе, Атырау өңірлерінен және облыс аудандарынан келген вокалды-аспаптар ансамбль мүшелері қатысты. Конференция барысында «Ақ қайың» ВАА-ның тарихы, онда өнер көрсеткен мүшелері, ансамбльдердің жұмысын жандандыру, аспаптар үнінің жаһандануға жұтылып кетпеуі жайлы мәселелер мен ұсыныстар айтылды.
Фестивальге қатысушы үміткер ансамбльдер жеребе тарту арқылы сахнаға шығатын реттік нөмірлерін анықтады.
Жымпитының жаймашуақ жазғы кешін халық асыға күтті. Себебі кеште бұрын-соңды болмаған керемет концерт-фестиваль шымылдығын ашады. Орталық алаңға әкеліп, орнатылған сыртқы сахна алдына жиылған халықтың қарасы қалың болды. Бұл сырымдықтардың жанды дауыс пен ескірмейтін есті әндерді сағынғанының дәлелі еді.
Фестивальде өнер көрсететін ансамбльдер Голливуд жұлдыздарындай кезекпен шақырылып, қызыл жолмен жүріп, өздеріне дайындалған фуршеттен табылды. Қатысушылар қатарында Ақтөбе қаласынан «Наурыз» ВАА, Атырау облысынан «Ақ Жайық» халықтық ансамблі, Тасқала ауданынан «Тасқала» халықтық ансамблі, Бөкей ордасы ауданынан халықтық «Нарын» ВАА, Ақжайық ауданынан «Толқын» ВАА, Казталов ауданынан «Кешкі әуен» ВАА, Шыңғырлау ауданынан халықтық «Арай» ВАА, Қаратөбе ауданынан «Жеті әуен» ВАА бар.
Кештің ашылуында Сырым ауданы әкімі Жұмагелді Батырниязов пен Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив басқармасының басшысының орынбасары Тілек Ғабдушев құттықтау сөз сөйледі. «Ақ қайың» вокалды-аспапты ансамблінің құрамында ойнап, бүгінде ансамбльдің ардагері атанған ақтаңгерлер – Мақуза Сидарова, Сымбат Аманова, Күлаш Нұрманова, Серік Қажымовтарға аудан басшысы алғыс хат табыс етті. «Ақ қайыңның» қазіргі жетекшісі Талғат Шайхиев, мүшелері Беркін Ғабделов, Жаскелең Ғайсағалиев, Ринат Шайхиев, Гаухар Хұсайынова, Серік Сағидуллин, Камила Шайхиева, Армат Жұмагелдиев, Шайхиев Ерасылға аудан әкімінің алғыс хатымен қатар, 100 000 теңгелік сертификат табысталды. «Ақ қайыңда» ойнаған, бүгінде өмірден озған оғландардың суреттері лед экраннан көрсетіліп, есімдері құрметпен аталды.
Мерейтой иесі «Ақ қайың» ансамблі сахнада фестивальдің қонағы ретінде өнерін көрсетті. «Ахау, бикем», «Мир не прост», Sting «Shape of my heart», «Қазақстан – қыран далам» әндерін алаң толы көрермен ыстық ықыласпен қабылдады.
Аспаптар аламанын бастаған Ақтөбеден келген халықтық «Наурыз» вокалды-аспапты ансамблі болды. Әр топ төрт әннен орындады. Барабанда, гитарада, басқа да аспаптарда ойнаған әрбір музыканттың эмоциясын, қуатын көрермен демін ішіне тарта тамашалап, сезінді.
Ансамбльдің өнерін бағалаған қазылар алқасының құрамында Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Сырым ауданының Құрметті азаматы», Жаскелең Ғайсағалиев, халықаралық, республикалық әншілер байқауының лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Ғ.Құрманғалиев атындағы филармония әншісі Марат Сарбөпеев, ҚР Президентінің «Құрмет» орденінің иегері, БҚО бойынша ауған соғысы мүгедек-ардагерлерінің қоғамдық бірлестігінің төрағасы Беркін Ғабделов болды. Қазылардың төрағасы – «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, «Сырым ауданының Құрметті азаматы» Донеділ Қажымов.
Атыраулық Әсет Ғажапбаев «Үздік дауылпазшы», Бөкейорда ауданынан келген Рауан Қажығалиев «Үздік солист», Шыңғырлау ауданының ВАА мүшесі Сайын Ажғалиев «Үздік бас гитарашы», Ақтөбеден келген Азамат Үмбеталин «Үздік соло гитара», Казталов ауданы «Үздік аранжировка» аталымына ие болды. «Ақ қайың» ансамбліне еңбегі сіңген, өнегелі өмір мен өміршең өнер иесі болған Батыр Меңдіғалиев атындағы жүлдені Тасқала ауданының вокалды-аспапты ансамблі еншіледі. Сырым ауданы әкімінің жүлдесі Ақтөбе облысының ансамбліне табысталды. Ал, керемет өнер көрсеткен, аспаптарға тіл бітіріп, сырымдықтарды ностальгияға бөлеген Атырау облысының вокалды-аспаптар ансамблі «Үздік ансамбль» атағын жеңімпаз деп танылды. Келесі жылы ВАА фестивалін өткізу эстафетасы көршілес Қаратөбе ауданына жалғанды.
Жымпиты төсін той-думанға бөлеген «Ақ қайыңның» 50 жылдық тойына арналған шараның от шашумен әдемі нүктесі қойылды. Түнгі сағат 1-ге дейін жалғасқан кешті сырымдықтар тапжылмай, тарқамай тамашалап, рухани демалып қалды.