ЖЫМПИТЫҒА ТЕРРАССАДАН ҚАРАҒАНДА...

ЖЫМПИТЫҒА ТЕРРАССАДАН ҚАРАҒАНДА...
ЖЫМПИТЫҒА ТЕРРАССАДАН ҚАРАҒАНДА...
Бұлан ауылдық округіндегі «Бұлан» қожалығы бес жылдың ішінде ширақ шаруашылыққа, ауылдастары үшін шарапатты ұжымға айнала білді. Қожалық асыл тұқымды мал басын көбейтумен, ет өндірісімен айналысады. Малдың азығын да өздері дайындайды. Еңбекпен тапқан несібелерін ел – жұртпен бөлісуді де ұмытпайды.
Былтыр шаруашылық кәсібін әртараптандыру мақсатында Жымпиты ауылының іргесінен жолаушыларға сервистік қызмет көрсететін үш қабатты кешеннің құрылысын бастады. Сырым ауданындағы сапарлары барысында ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Арман Өтеғұлов пен Ләззат Рысбекова Жымпитының болашақ брендіне арнайы аялдады.
Бүгінгі таңда қабырғалары тұрып, шатырланып, ғимараттың ішкі және сыртқы жұмыстары жүріп жатыр. Жобаның құны 600 млн теңгені шамалап отыр.
- Біз салып жатқан жолаушылар мен автокөліктерге қызмет көрсететін кешен «В» санатты сервистің талаптарына жауап беретін болады. Самара – Шымкент магистралі бойымен сапарлаушылар Жымпитыға аялдаса, аяқ суытса, сол арқылы бізге әрі ауданға табыс әкелсе дейміз. Автокемпинг – «Бұланның» екінші тынысы. Қожалықтағы ет және сүт өнімдерін қоғамдық тамақтану дастарханына пайдаланамыз. Нысан іске қосылса 15 адамға тұрақты жұмыс орыны ашылады. – дейді шаруашылық басшысы Махамбет Досалиев.
Жаңа кешенді – Жымпитының болашақ бренді деуіміз бекер емес. Ғимаратты үшін қабаты үлкен шаһарлардағы қымбат мейрамханалар секілді ашық аспан аясында салынуда. Бұйырса, Жымпиты жазирасына террассадан қарап отырып шай ішетін күн алыс емес.