1977 жыл. Алматы. Октябрдің 50 жылдығы құрметіне салынған спорт сарайы. Күрес залының терезесін ортан беліне дейін бу жапқан. Еркін күрестен Қазақстан құрамасының жаттығуы үнемі осылай қызу жүреді. Сықырлап есік ашылды. Сөмкесін иығына асынып, дәуірінің дәуі, даңқы балуан Әбілсейіт Айханов кіріп келе жатыр. Әбекеңнің әлемді мойындатқан, құшақтағанын құтқармайтын әбден әбжіл шағы. Осының алдында ғана үш дүркін Олимпиада чемпионы Александр Медведьті, үнді балуаны Бинг Синхті, венгр Резиакты, чехословак Богумал Куват пен Петр Кментті, тіпті жапондар – Сасаки мен Каванионы және басқа да күрес жұлдыздарын ұтып, атын күрестің көгіне алтынмен жазған. Апта сайынғы әдеттері – осы. «Динамодағы» жаттығуларын аяқтап, жұма күнінде шәкірті Аманжол Бұғыбаев екеуі «Октябрьге» спарринге келеді. Айтпақшы, классикалық күрестен Кеңес Одағының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров те осы залда жаттығып жүр.
*** *** ***
- Қорықпа! Ол – «классик» ! Сен – «вольняксың»! Аяққа қарай өт те, домалата бер. Ең бастысы, сен – жассың, ол – қартайып келеді. Бас! – деп жасы жиырмаға толмаған бозбаланы жігерлендіріп жатыр екі жігіт. Бұлар – Алматыдағы денешынықтыру институтында оқып жүрген оралдық балуандар – Сайлау Мұқашев пен Ерген Орынбасаров.
С.М.Киров атындағы әскери зауытта метал жонушы - оператор болып қызмет ететін Жымпитыдан келген бала бос уақытын күрес залында өткізетін. Ағалары арқасынан қағып – қағып жібергесін бе, бәлкім өзі де мінезді ме екен, жауырынын қанат жарып шығардай паңданып, бозкілемге асқан сенімділікпен шықты. Қайраты - бойында, қаһары - көзінде. Бірақ, «классикті» жығу ойлағандай оңай болмады. Оңайы несі, мүмкін емес екен. Қимылы шалт, қарсыласын қолына түспей, ұстатса да дегеніне көнбей діңкелетеді.
Міне, осылайша жымпитылық Санат Берсебаев бір кездері Жақсылық Үшкемпіровпен жаттығудағы сыңары болған.
- Үшкемпіровпен 4 айдай спарриинг – серіктес болдым. Салмағымыз, тұлғамыз шамалас еді. Жаспыз ғой, оның КСРО чемпионы екенін білмедік. Сөйтсек, Жақаң біздің залда Мәскеу Олимпиадасына дайындалып жүр екен. Сайлау, Ерген ағаларым «Ұтасың! Ұтасың!» - деп сендіретін. Бірақ, Жақсылық ағаны жығып, 1 баллға да түсіре алмадым. Оның Мәскеу Олимпиадасының тұғырына шыққан жұлдызды сәтін үш жылдан кейін, әскерде жүргенде, теледидардан көрдім. Кеудемді қуаныштың кернегені – ай!? Біздер аңыздардың қасында жүрген екенбіз ғой... – дейді Санат мырза сол сәулелі күндерді есіне алып.
Қазір Октябрьдің 50 жылдығы атындағы спорт сарайы Балуан Шолақтың құрметіне беріліп, заманауи кешенге айналған. Жақсылықтай жақсы адамдар арамызда жоқ. Санат Берсебаев болса, өзінің Жымпитысында. Биыл Сәкең зейнет жасына толды.