Аудан орталығындағы көзіне шалынған бұзылған үйлерді көріп «Осы үйлер біздікі болғанында, жөндеу жұмыстарын өзіміз жасап алар едік...» деп армандаған екен бір кездері бала көңілі.
Иә, әркімнің баспанасын жалдап жүрген отбасының кішкентай балапанының бір кездегі тілегі Қасиетті Рамазан айында қабыл болды.
«Сырым үні» Қасиетті айда жерлерлестердің, жанашыр жандардың қолдауымен бір отбасыға баспана сыйлады.
- 2 айдай уақыт бұрын баспанаға мұқтаж 8 балалы бір отбасыға үй алып беруді мақсат тұтқан едік. Халқымыздың қолдауымен бас-аяғы 2 айдай уақыт көлемінде 2 млн 26 мың теңге қаражат жиналып, Қадір түнінде Жамағатпен жаңа үйдің кілтін Венера Сайлауқызына табыс еттік.
Оның ішінде Жымпитының 1988 жылғы азаматтары 120 мың теңге, Сырым мектеп-лицейінің ұжымы 16 мың теңге,
Тоғанастың 1990 жылғы азаматтары 110 мың теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетті. Қалған қаража халықтан жинаған болатын.
Жақын арада балаларға арналған 2 қабатты төсек орнын және кіре беріске жаңалай есік қондырып бергіміз келіп отыр, - дейді қайырымдылық қорының мүшесі Мейрамбек Кенесов.
Айта кетейік, Рамазан айында алғабастық ағайындар да сауапты істен құр қалмады.
Ауыл азаматы Нұрболат Жұмағазиевтің сөзіне сүйенсек, Алғабас ауылындағы намазханада пітір садақаға жиналған 200 мың теңгедей қаржыға тұрмыстық техникалар алып беріп, қол ұшын созған.
Қадір түнінде баспанасының сертификатын алған Венераның қуанышында шек болмады. Жерлестерінің, жанашыр жандардың жүрегінде жылулықты оятуға себепкер болған «Сырым үні» қайырымдылық қорына алғысын білдірді.