БӨГЕТ - ШАРУАШЫЛЫҚҚА КӨМЕК!

БӨГЕТ - ШАРУАШЫЛЫҚҚА КӨМЕК!
БӨГЕТ - ШАРУАШЫЛЫҚҚА КӨМЕК!
Осы аптада Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев Талдыбұлақ ауылдық округінде жұмыс сапарымен болды. Қазақстан ауылының тұрғындарымен кездесті, көктемгі далалық жұмыстарға көз салды.
Округ әкімі Айдынғали Балғалиев Төлеген Төреғалиевке ауыл іргесіндегі бөгетті қалпына келтіру жұмыстары бойынша өз ұсыныстарын айтты.
- Талдыбұлақ ауылының батыс бетіндегі бөгет ертеден бар. Ауылда неміс ұлтының өкілдері тұрған уақытта пайдаланды, кейін су жырып кетті. Қабырғасын шегендеп, қалпына келтірсек, тек пайдасын ғана көреміз. Біріншіден, мал суаратын суат қызметін атқарады. Бағымдағы сиыр, қой саялап, су ішеді. Жылқы тоқтап, шөлін қандырады. Екіншіден, кейінгі жылдары су деңгейі түсіп кетуіне байланысты іргедегі баққа су шықпады. Аумағы 7 га болатын бақтың ауласына су шықса, бақша шаруашылығы ширайтын еді. Арық жүйесі дайын. Үшіншіден, біздің айдынның ерекшелігі де сол – бұлақ бар. Қарғын сумен толыққанмен, бұлақ су деңгейін - ұстап қалады. Бөгеттің маңында 7 – 8 бұлақ бар. Су таза. Демек, Талдыбұлақта балық және құс шаруашылығымен айналысуға да мүмкіндік туады. – дейді төл жобасының тиімділігі жайлы Талдыбұлақ ауылдық округінің әкімі.
Айта кетейік, Талдыбұлақ ауылдық округінде 2456 бас ірі қара, 2386 ұсақ мал және 895 жылқы бар. Даласын өзен кеспейтін осындай малшы ауылдар үшін бөгет – мол игілік. Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев әріптесі көтерген мәселенің өзектігін, бөгеттің тиімділігін бағалады. Ендігі шаруа – бөгеу жұмыстарын олпы – солпы емес, сауатты атқару. Халықтық тәжірибеде су шайып кетпес үшін бөгетті малдың қиынан соғып, тал егеді. Тамырланған ағаш - мызғымас қалқан.
Басқа басқа, бақша ісі ілгерілеп кетуі кәдік. Өйткені, қазірдің өзінде Талдыбұлақта 50 шақты аула бақша салып, аскөгін, қияр – қызанағын өздері өсіріп отыр.