САПАР САЛҒАН САЛМАҚ

САПАР САЛҒАН САЛМАҚ
📌 Тәуелсіздіктің дәмі қаншалықты тәтті болса, азаттық күресінің арыстаны - Сырым Датұлының есімі соншалық асыл, соншалық қадірлі.
Сырым - қиял - ғажайыптың кейіпкері емес, ел үшін ертегідегідей ерлік қылған ерен ер. Оның батырлық, билік, саясаткерлік қырын салалап, жеке һәм жете тануды міндеті алдымызда тұр.
Кейінгі уақытта Датұлы көтерілісінің географиясын құрастыру жайын да айтып жүргенбіз. Міне, бабаның 280 жылдығы қарсаңында осы игі іс те ілгерілей бастады. "Сырым жастары" жастар қоғамдық бірлестігі бастама көтеріп әрі қолдау көрсетіп, Сырым ауданындағы тарихқа ықыласты жастар керуені алғашқы экспедициядан оралды. Сырым аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Досжан Тайшиевтің жолсапарын оқыңыздар.
САПАР САЛҒАН САЛМАҚ
29 желтоқсан күні "Менің кіші Отаным" тарихи танымдылық экспедициясы аясында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Досжан Тайшиев, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Сәкен Муса, Сырым Датұлының ұрпағы, "Сырым жастары" жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайсар Халит, Сырым Датұлының ұрпағы, Сырымтанушы Айдархан Рамазанов, көлік жүргізуші Әлібек Жүсіпқалиевтің қатысуымен Атырау облысы Қызылқоға ауданы Көздіғара ауылдық округіне тарихи сапар жасады. Сапардың басты мақсаты: қол бастаған көсем, сөз бастаған шешен, дала реформаторы, даңқты батыр Сырым Датұлының өз қолымен жасаған қазақ тарихында "Сырым бөгеті" аталып кеткен тарихи орынды көзбен көру болатын. Алдымен таң ата Қаратөбе ауданына бас тіреп, аудан орталығынан Аққозы ауылдық округіне табан тіредік. Аққозы ауылына барған кезде ауылдың атымтай ақкөңіл азаматы, ауылдың әкімі Қоныс Мұқанов бізді жылы қарсылап, Қызылқоға ауданына тікелей түсетін жайын жолды көрсетіп жол нұсқады. Екі сағат дегенде көздеген мақсатымызға жетіп, Көздіғараға жетіп келдік. Түс ауа Аққозы ауылынан 70 км жердегі Көздіғара ауылдық округіне жеткен тұста бізді сол ауылдық округтің әкімі Ізімов Ернар Қадырұлы мен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерекенов Қайырғали ағамыз қазақы пейілмен құшақ жая қарсы алып, Қоныстану ауылынан 9 км, Қосқұлақ елді-мекенінен 2 км тұстағы халық ауызында Сырым қыстағы аталып кеткен Сырым бөгетіне ат басын тіредік. Алыстан ат шаптырып келгендегі асқақ арманымыздағы тарихи орынды көргенде бойымызды ерекше толқыныс биледі. Өйткені патша үкіметінің отарлау саясатына қарсы шығып, кіші жүз қазақтарының басын қосып, 14 жыл бойы қасқайып тұрып қарсылық көрсеткен Сырым бабамыздың қолымен жасалған бөгет еліміздегі үлкен өзендердің бірі Ойыл өзенінің үш айрық болатын ащы Ойылға қосатын тұсын бөгеген екен. Тарихи деректерге сүйенсек Сырым Датұлы орыс әскерінен қалың қазақты алып қалу үшін Ойыл өзенінің арғы бетіне өту үшін бұл тұсты бөгеп, арғы бетіне өткен екен. Сол жерде ауыл ақсақалы Қайырғали ағамызбен тілдесіп бірқатар мәліметтерді қойын дәптерімізге түртіп, ауылдан дәм татып кері жол жүрдік. Бұл жерде ауыл азаматтарының қазақы қонақжайлығын айтпай кету тағы болмас. Сөйтіп Қаратөбе ауылына кешқұрым жеткен тұста Қаратөбе аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы, өлкетанушы Нұртас Сафиулин қарсы алып, өлке тарихында орны ойып тұрып орын алатын Қайыржан Хасанов ағамыз атындағы Алаш мұражайына бас сұғып тамаша жәдігерлерді көзбен көріп, Қайыржан ағайдын ұлдарының көзсіз еңбектеріне бас идік. Ия, бір күндік сапарда сөйтіп өз мәресіне жетті. Экспедиция мүшелері Сырым бөгетін тарихи орынға айналдыру мақсатында нақты ұсыныстарында жинақтады. Болашақта бұл мақсатты міндетті түрде орындау керекпіз, сапарымыз солай салмақ салды.