Бүгін Сырым аудандық мәслихатының кезекті ХХVII сессиясы өтті.
Мәслихат мінберінде аудан үшін маңызы бар бірқатар мәселелер талқыланды.
Ең негізгі мәселе - жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспардың іске асырылуы бойынша жұмыстар. Бұл жұмыстан қарапайым шаруалар үлкен үміт күтіп отыр. Өйткені, жерін не пайдаланбайтын не мемлекетке өткізбейтін латифундистер еңбекқор ауылдастардың қолын байлауда. Жер қатынастары бөлімінің басшысы Арман Тоқтаров та тұрғындардың жеке малына арналған жайылымды шаруашылықтар пайдалануына бермеу туралы ұсыныс айтты.
Осы секілді депутаттар 2023-2025 жылдарға арналған аудандық бюджет, Тоғанас, Қоңыр, Қарақұдық, Кенащы, Тамды, Қазақстан, Жаңақоныс, Қарағанды, ауылдарының оңайлатылған бас жоспарларын бекіту, Сырым аудандық мәслихатының 2022 жылғы 13 сәуірдегі №16-2 «Сырым ауданының әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселелерге дауыс берді.
Жаңа жыл алдындағы мәслихат отырысында ерекше мерейлі сәттер де аз болған жоқ. Сырым аудандық мәслихатының шешімімен Асан Жүсіпов, Жамила Ғатауова, Гүлбақша Ерғалиева, Жаскелең Ғайсағалиев сияқты білім беру, өнер саласына сүбелі үлес қосқан жандар "Сырым ауданының құрметті азаматы" атанды. Төсбелгіні салтанатты түрде Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев тапсырды.
Облыстық мәслихат депутаты, белгілі кәсіпкер Ғанимат Нұрмұханов ҚР Президенті Қасым - Жомарт Тоқаевтың алғыс хатымен марапатталды. Бұдан бөлек, бірқатар азаматтарға Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевтің құрмет хаты берілді. Олардың арасында мәдениет саласының ардагері Әбіл Бақтияров бар.