СЫРЫМДЫҚ БАЛАЛАР АТ СПОРТЫ ОРТАЛЫҒЫНДА БОЛДЫ

СЫРЫМДЫҚ БАЛАЛАР АТ СПОРТЫ ОРТАЛЫҒЫНДА БОЛДЫ
Сырым ауданының ерекше қамқорлықты қажет ететін балалары Орал қаласы, «Жақсы ауыл» ауданындағы «Nur-Er» ат спорты туристік орталығына алғаш рет барды.
Жуырда ғана ашылған орталық атпен серуендеу, жамбы ату, аударыспақ, теңге ілу, иппотерапия, абонемент сабақтары, садақ атуға үйретеді.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі саласында «Nur-Er» ат спорты туристік орталығы емдік атқа міну сабақтарын өткізіп келеді. ДЦП диагнозы қойылған балаларға иппотерапия — таптырмас ем. Жылқы адамның ішкі дүниесіне де өте жақсы әсер етеді.
Сырым ауданынан аналарымен, әлеуметтік қызметкерлерімен барған сегіз ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларды ат спорты туристік орталығы құшақ жая қарсы алды. Алдымен оларға атқа міну ережелері түсіндірілді. Сырымдықтар ғимаратты тамашалады. Одан кейін ат қораға кіріп, жылқылармен танысып, оларды тамақтандырды. Балалар жабық манежде үлкен қызығушылықпен атқа мініп, нұсқаушылардың көмегімен серуендеді.
Ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларға иппотерапияны ұйымдастыруға ұйытқы болған аудан әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев те ат спорты туристік орталығына арнайы келіп, балалармен, ата-аналармен жүздесті. Ата-аналардың мұң-мұқтажын, ұсыныстарын тыңдады. Артур Мұратұлы олардың сұраған балаларды бассейнге апару мәселесі алдағы апталарда шешімін табатынын, ат спорты орталығына балаларды үнемі әкеліп тұруға көмектесетінін айтты.
Орталықтың екінші қабатында «Жайлау» мейрамханасында сырымдықтар түскі ас ішіп, ауылға жол тартты.