Бүгін аудандық мәдениет үйінде Сырым ауданы әкімі Төлеген Төреғалиев пен Жымпиты ауылдық округінің әкімі Мейрам Қайырғалиев тұрғындармен кездесті. Жиынға мекеме, бөлім басшылары да қатысты.
Жымпиты ауылдық округінің әкімі Мейрам Қайырғалиев өткен кездесуде көтерілген мәселелерді атады. Халықтың Жымпиты-Орал бағытына қоғамдық көлік ұйымдастыру сұранысын қанағаттандыру мақсатында облыстық басқарма тарапынан «СтартСтройСервис» ЖШС жеңімпаз болып, жуырда жолақы құны 1000 теңгелік «Газель» көлігі Орал қаласына қатынайды. Жымпиты, Өлеңті ауылдарына 10 км жаяу жүргінші жолын салу үшін ЖСҚ жасақталып, сараптамадан өтті. Жаяу жүргінші жолы Мұхит, Әбілхайыр, Тәжібеков көшелерімен Өлеңтінің Өтемісов, Үмбетов көшелеріне жалғасады. Жымпитының Қолғанатов, Сүйірбаев, Молдағалиев, Сейфуллин, Шоқанов, Сағырбаев, Абай, Есенжанов, Маметова, Молдағұлова, Амангелді, Оспанов, Байжанов, Сатаев, көшелеріне жаяу жүргінші жолын салу жоспарланып отыр.
Зираттарды қоршауға қатысты жоба жасақталды. Ауыл ішіндегі «Қазмұнайгаз» жанармай бекетінің арт жағында орналасқан ескі зират аумағы 455 метрді құрайды, қоршау құны жоба бойынша 13 млн теңгеге шығып тұр. Ал, ауыл сыртындағы үлкен қауым 1,5 метр, қоршауға қажетті қаржы жобалық-сметалық құжаттамаға сай 34 млн теңгені қажет етеді.
Ауылда төрт көшеге жарықшам орнатылды. Жымпиты ауылына кіре беріс белгіден (арка) Ақтөбе бағытына шығатын белгіге дейін жарықшам орнатуға жоба жасақталды.
Жыл басынан бері 244 бұралқы ит жойылды. 21 тұрмыстық қалдықтар контейнері қоршалып, 30 контейнер мен 15 пластикалық құты салатын жәшік орнатылды.
Қарасу мөлтекауданынан мал суару үшін іргетасты шұңқыр қазылған болатын, келесі жылы тағы біреуін қазу жоспарланып отыр.
у55 пайдаланылмаған жер қайтарылып, 30-ы тұрғын үй салу үшін құрылыс бөліміне, 25-і кезектілікпен берілетін болады.
Жымпиты ауылының тұрғыны Алмаз Жұмагелдиев мал бағымы мен бағымсыз малдардың жоғалуы, Қарасу мөлтекауданындағы трансформаторды ауыстыру жөнінде сұрақ қойды. Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев мал бағымы мен жоғалуына байланысты тиісті сала басшылары жұмыстанатынын, трансформаторға қатысты облыстық электр желілерін таратушы мекемеге ұсыныс беру қажеттігін айтты. Ауыл тұрғыны Ринат Мұхамбетов үш айда үш бас малы жоғалғанын айтып, полиция бөлімінің жұмысына сын білдірді.
Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Руслан Усағалиев келесі жылдан бастап қолға алынатын «Ауыл аманаты» пилоттық жобасын түсіндірді. Жоба бойынша бюджеттік мекеме қызметкерлеріне 2,5 пайызбен, 1,5 жыл каникулымен несие берілмек.
Жымпиты ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғилаж Қаналиев «Балдырған» балабақшасының алдына көлік тұрағын салу, Жымпиты-Ақсай жолының жөндеу жөнінде сауалдарын қойды. Көлік тұрағы Жымпиты ауылының жолдарын күтіп ұстауға бөлінген қаржыдан жасалды, ал, Жымпиты-Ақсай жолы 2023-2024 жылдары аяқталмақ.
Кездесуді аудан әкімі Төлеген Төреғалиев қорытындылады. Аудан басшысы халық сұрап келетін орталық стадионды, Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің хоккей алаңын жөндеу үшін облысқа ұсыныс берілетінін жеткізді. Аудандық полиция бөліміне мал ұрлығымен күрес шараларын күшейтуді, ауыл әкімдігіне мал бағымын ұйымдастыруды тапсырды. Зираттарды қоршау үшін мемлекеттен қаржы бөлінбейтіндіктен, қорға немесе бір адамның шотына қаражат жинауды қолға алу қажеттігін айтты.