«АУДАНДА АЛАЯҚТЫҚ ЕКІ ЕСЕГЕ АРТҚАН»

«АУДАНДА АЛАЯҚТЫҚ ЕКІ ЕСЕГЕ АРТҚАН»
Бүгін Сырым ауданына «Заң керуені» акциясы аясында өңірден басшылар келіп, халыққа жедел құқықтық көмек көрсету, құқықтық мәдениет деңгейін көтеру, заңдарды түсіндіру мақсатыда жиын өткізді.
Жиналысқа облыс прокурорының орынбасары Азамат Сатбаев, Батыс Қазақстан облыстық Әділет департаменті басшысы Бақытгүл Агилманова, әкімшілік полиция басқарма басшысының орынбасары Олжас Ибраймов, БҚО жер ресурстарын басқару басқармасы басшысының орынбасары Тахир Нұрахметов, БҚО ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сатқан Өмірзақов, БҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Мақсотов, облыстық мәслихат депутаты Әлия Салиева, Сырым ауданы әкімі Төлеген Төреғалиев, аудан прокуроры Нартай Байменов қатысты.
Күн тәртібіне «Заң керуені» акциясы аясында ведомствоаралық жұмыс тобының қатысуыен құқықтық түсінік жұмыстарын жүргізу мәселесі қойылды.
Облыс прокурорының аға көмекшісі Равиль Мажитов:
– Облыс бойынша қылмыстардың тіркелу саны екі есеге өсіп отыр. Сырым ауданында былтырғымен салыстырғанда, мал ұрлығынан 10-нан 15-ке дейін, 50 пайызға өскен. Ғаламторлық алаяқтық 2-еуден 4-ке дейін 100 пайыз өсті. Тұрғындар жеке хабарландыру сервистері арқылы тауар сату бойынша алаяқтыққа тап болған. Алаяқтар адамдарды алдаудың түрлі сценарийлерін ойлап табуда. Қазіргі көп таралған түрі – алаяқ банк қызметкері болып хабарласады, шотыңыздағы ақшаны қауіпсіз шотқа аудару керектігін айтып, сендіреді. Немесе сіздің атыңыздан онлайн несие рәсімдеу қаупі бар деп, шотыңыздағы ақшаны сақтап қалу үшін жасырын код жібереді. Кейбір адамдар сеніп қалып, өзін «банк қызметкерімін» деп таныстырған алаяққа барлық мәліметтерін қалай жібергенін білмей қалады. Алаяқтық бойынша ҚР Қылмыстық Кодексі бойынша жаза түрлері мынадай. Алаяқтық қылмыстың жеңіл түрінде 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылады, немесе 4000 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Ал, ауыр түрінде, қылмыс бірнеше рет қайталанса, алаяқ 5 жылдан 10 жылға дейін мерзімде түзеу мекемелерінде жазасын өтейді. Мал ұрлығының өсу себебі – еркін жайылыстан қолды болуы, бақташының жоқтығы. Ұрлықтың 50-60 пайызы өрістен орын алуда, -дейді.
Облыс прокурорының орынбасары Азамат Сатбаевтың айтуынша, «Заң керуені» акциясының мақсаты – халықтың көкейінде жүрген, шешімін таппай келетін сауалдарына заңды көмек беру, кеңес беру
Жиналыстан кейін құқық қорғау органдарының басшылары тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, заңдылығы жағынан кеңес берді.