КӨЗІ ҒАРІП БОЛҒАНМЕН, КӨҢІЛІ ЖАРЫҚ

КӨЗІ ҒАРІП БОЛҒАНМЕН, КӨҢІЛІ ЖАРЫҚ
Қайырымдылық айлығына орай Қазақ соқырлар қоғамының Мұрат Қадырбеков бастаған Батыс Қазақстан облыстық зағиптар қоғамдық бірлестігі ауданымызда болып, Қазақ соқырлар қоғамына 85 жыл толуына орайластырылған концерт қойды.
Жанарынан айырылған жандардың жүректі тебірентер әндері көрермен көңілінен шығып, ыстық ықыласқа бөленді. Көздері ғаріп болғанымен, көңілдері жарық жандар сырымдықтарға тамаша көңіл-күй сыйлады
Концерт соңында аудан әкімі Төлеген Төреғалиев:
– Бүгінгі керемет кеш сыйлаған өнер ұжымына аудан халқы атынан алғыс айтамын. Қазан айы – елімізде қайырымдылық айы ретінде аталып өтеді. Түрлі көмекке мұқтаж жандарға демеу көрсету, қайырымдылық жасау, қарияларға қол ұшын созуға бірқатар шаралар атқарды. Қарияларға ас беру ауылдық округтерде үрдіске айналды. Жыл соңында көгілдір отын кіргізілмеген оннан астам үйге газ кіргізіп беру де оң жолға қойылды. Биыл да бұл игілікті іс жалғасын табатын болады. Елімізде бірлік, тыныштық болсын, өнерлеріңіз үстей берсін!- деп, Батыс Қазақстан облыстық зағиптар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Қадырбековке алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етті.
М.Қадырбеков қошеметпен қарсы алған аудан халқына алғысын білдіріп, өнер көрсететін жастар БҚМУ-дің музыка факультетінің студенттері екенін, облыстық зағиптар қоғамының мүшелері екенін, оларды көтеріп, жұмысқа орналастыру мақсаты екенін айтты.
Мұрат Қадырбеков облыс әкімінің алғыс хатын және Батыс Қазақстан облыстық зағиптар қоғамдық бірлестігінің алғыс хатын Сырым аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы Жәрдем Мұхамбетжановқа тапсырды. Әрдайым зағип жандарға қолдау көрсетіп келетін облыстық кітапхананың филиалы ретінде М.Есламғалиұлы атындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Айнұр Уалиахметова да бірлестіктің алғыс хатын иеленді.