Асыл әже

Асыл әже
Сафура Хұсайынқызы Федянинаның есімі Жымпиты өңіріне етене таныс. Ұзақ жылдар ұстаздықтағы мінсіз қызметінің арқасында қадірменді әжелердің бірінен саналатын оны өңірдің жасы, кәрісі өте жақсы біледі.
Әрине, Сафура әже мұндай құрметке өлшеушісіз еңбегі, қызмет жасаған жерінде тындырған игі істері арқылы ие болды. Сафура Хұсайынқызы (суретте) 1942 жылы бұрынғы Фурманов ауданында (қазіргі Жалпақтал ауылы) дүние есігін ашыпты. Әкесі Хұсайын мен анасы Дилафруз татар ұлтынан болса да қазақы тәрбие, мәдениет, қонақжайлықты берік ұстанған, ауылдық өңірдің отымен кіріп, күлімен шықан нағыз еңбекор жандар болған.
Осы отбасында бір ұл, үш қыз тәрбиеленсе, балалардың кенжесі кішкене ғана сары қыз Сафура әп дегенде білімге құштар, зеректігімен көзге шалынды. Сол жылдардағы Фурманов орта мектебінде дәріс алған Сафура Хұсайынқызы орыс әдебиеті және орыс тілі, математика пәндеріне зеректілігімен танылып, түрлі үйірмелерге белсене қатысуымен ұстаздарының құрметтеріне бөленді.
Аталмыш орта мектепті 1959 жылы тамамдаған ол ауылдағы байланыс торабында бір жылдай қызмет атқарды. Әйтседе, ауылда алғашқы еңбек жолын бастаған жас қыздың кеудесінде бір арман бұғып жататын.....
Ол-жоғары оқу орнына оқуға түсіп, ұстаздық мамандығын игеру еді. Ақыры ол А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтына оқуға түсіп, 1965 жылы орыс әдебиеті және орыс тілі пәндерінің оқытушысы мамандығын игеріп, Жымпитыға арнайы жолдамамен жол тартты. Жымпитыға дәм-ырыздық бұйырып, жол тартқан татар қызы Сафура осы өңірден өзіне өмірлік жарын тауып, тұрақтап қаларын ол кезде әсте сезбеді, тіпті үш үйықтаса да түсіне енбеген жағдай еді. Жымпиты орта мектебінде (қазіргі Қ.Мырзалиев атындағы орта мектеп) Оралдан арнайы жолдамамен келіп, ұстаздық қызметін құрбысы Ұлдай Текинамен (марқұм) бірге бастаған Сафура Хұсайынқызы қызметіне жастық жігермен белсене кірісіп кетті.
Орта мектепте, одан соңғы институтта әдеби кештерге қатысып өлеңдер оқитын, қазақша, орысша әсем әндерді сызылта айтатын, көркем гимнастикаға белсене қатысатын Сафура өзі қызметіне араласқан мектепте де қоғамдық жұмыстың бел ортасынан көрінді. Сөйтіп, мектептегі қайнаған қызметтің бел ортасында жүрген бұйра шашты, әдемі ару Сафураға жоғары білімді, физика және өндіріс негіздері мамандығының иегері Ким Федяниннің көңілі ауып, 1966 жылы қос жастың шаңырақ көтеру тойы өтті.
Ким ағаның әкесі Николай атаның шаңырағына келін болып түскен талдырмаш келген сары қыз Сафура Хұсайынқызы бүгінде 80 жастың төріне шығып отыр.
Тарихқа сәл шегініп, шағын дерекпен шолу да жасай кетелікші. Мәселен, Сафура әженің отағасы Ким Николайұлының өмірбаяны ұзақ-сонар тарихқа толы. Әкесі, марқұм Николай кезінде гимназия бітірген, қаржы саласында, кеңшарда басшылық қызметтер атқарған Жымпитыда орыс тілі, тарих, математика пәндерінен дәріс берген, қазақ, татар, неміс, француз, латын тілдерін шебер меңгерген ол скрипкада ойнап, халық әндерін құйқылжыта шырқайтын.
Тіпті оның жерлес ақын Қадыр Мырзалиевке дәріс бергендігін көре қалған көне көздер айтушы еді. Міне осындай тарихи тұлға, білімді азамат Николай атасының шаңырағына келін болған Сафура Хұсайынқызы жөніндегі бір үзік сырымыз осы еді.
Айта кетейік, Федяниндер отбасы-260 жылдық өтілі бар педагогтар әулеті. Ал осындай тектен тараған ұрпақтар қайдан осал болсын?!
Бүгінде 80 жастың төріндегі ардақты ана, құрметті ұстаз Сафура Хұсайынқызы мен отағасы, Сырым ауданының құрметті азаматы, ұстаз, қоғам қайраткері Ким Николайұлы үш ұл, үш қыз тәрбиелеп өсіріп, немере-жиендер күлкісіне бөленген бақытты ата мен әже.
Ардақты ұстаз, әңгімеміздің басты кейіпкері болып отырған Сафура Хұсайынқызының ұзақ жылдарғы ұстаздық қызметіне, аналық тәрбиесіне берілген құрметтің басты нышаны ретіндегі Құрмет грамоталары, дипломдар, бағалы сыйлықтар мен медальдар солардың айқын куәсі.
- Өзім өміріме, келін болып түскен шаңырағыма, ұстаздық ортама ризамын. Саулығым шүкір, газет жорнал, орыс, шетел жазушыларының кітабын оқимын. Ким ағаңмен "Сырым елі" газетін таласып оқитын болғандықтан үйге екі данасын жаздырып оқимыз.
Өзім қызмет жасаған Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің ұжымы үнемі тұрақты байланыста болып хал-жағдайымды біліп отырады. Оларға да көп рахмет.
Өңірдің әр жерінде қызметте жүрген шәкірттерім де хабарласып тұрады. Алматыдан Айгүл Ахметова, Бәйтеректен Жұмабай Сатаев жиі қоңырау соғып тұратындары бар. Өмірден ерте кеткен марқұмдар Жолдығұл Өтегенов, Ғаділ Рамазанов алдымды кесе өтпей, үйге арнайы сәлем беріп кетуші еді.
Иә, жақсы шәкірттерім, жақсы адамдар қатары көп қой. Өмір осы жақсы адамдармен көрікті. Ұрпақтар аман, ел тыныш болсын,-дейді 80 жастағы асыл әже.
Сафура әженің осы салмақты да дана сөзіне біздер де қосыламыз. Ендеше, жасыңыз құтты болсын, ел анасы, асыл әже!