«СЫРЫМ МЕН ҚАРАТӨБЕНІҢ АЛТЫН КӨПІРІ»

«СЫРЫМ МЕН ҚАРАТӨБЕНІҢ АЛТЫН КӨПІРІ»
Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі, «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің жауапты хатшысы Мүсірбек Айташевтің Қаратөбе ауданының Соналы ауылында жерлестерімен кездесу кеші өтті.
Еліне сәлем бере келген қаламгерді Қаратөбе аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Сафуллин, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ғалымгерей Қайырғалиев пен қатар ауылдың бір топ азаматтары ақ беріп, ауыл сыртынан қарсылап, құрмет көрсетті.
Жерлестерін қуана қарсы алған дүйім жұрт пен аудан әкімдігі атынан Ғ.Қажыгерейұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Р.Қыдырашев «қош келдіңіз» айтып, жылы лебізін білдірді.
Кеште журналиске алғаш әріп танытқан Дариға Омарғалиева, Заңғали Рахымов, Абай Сохатов, Әлима Қылышыева секілді ұстаздарының өлшеусіз еңбегі, есімдері аталып, «Сырым мен Қаратөбенің алтын көпірісің» деп шәкірттеріне ақ батасын берсе, өзінің отбасының атынан Мүсірбек Әлібекұлы сый-сыяпаттарын табыстады.
Еркін сұхбат бағытындағы кездесуге ауыл тұрғындары, М.Әлібекұлының Соналы сегізжылдық мектебіндегі сыныптастары, ауыл жастары қатысты.
Жастар арасынан «Сізді табиғат тақырыбына ғашық қылған не? Туған жердің табиғаты себеп болды ма?», «Журналистикаға қалай келдіңіз?» деген секілді қызықты сұрақтар да қойылды.
Одан бөлек, Мұхамбет Мамықов арнау мен халық термесін, жерлестері Таңат Жексенбаев, Нұршат Ислямғалиев, Рүстем Ақташев ауыл-ел тақырыбындағы әндерді орындап, құлақ құрышын қандырды.
Мүсірбек Әлібекұлы жерлестерінің алдында көсіле сөйлеп, тілшілік тіршілігі мен туған жердегі әдемі естеліктерімен бөлісті.
Мектеп қабырғасында бірге оқыған сыныптастары қызықты естеліктерін айтып, бір марқайып қалды.
Кеш тізгінін алған Нұртас Нәбиоллаұлы автордың былтыр тұсауы кесілген «Жүрегіме ұя салған қарлығаш» кітабының шығу тарихы, ондағы жазылған әңгімелер жайында әңгіме өрбітсе, М.Айташев жерлестеріне кітабын сыйға тартып, оқырмандарына қолтаңба берді.
- Туған жерге арнайы ат ізін салып, сәлем беріп, жерлестеріммен жүздесу көптен ойда жүрген еді. Қай өңірде, қай елде жүрсек те, кіндік қаным тамған, алғаш әріп таныған туған елім-менің жүрегімде»,-деп ерекше толқыды кеш иесі ризашылығын білдіріп.
Кеш соңында Ғалымгерей Қайырғалиев аудан әкімдігі атынан алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етіп, иығына шабан шапты.
Бір ерекшелігі, естелік сыйлықта қос аққу бейнеленген. Табиғатты ерекше сүйетін, оның тілін ұғатын қаламгерге келесі кітабынан қос аққуға бір мақала, бәлкім мұқаба бұйырып қалар деген үміттеміз.
Айжан БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Сырым ауданы