Елорда күнінің қарсаңында Сарой ауылдық округінің Көздіғара елді-мекенінде су жаңа әмбебап спорт алаңы пайдалануға берілді.
Нысанның салтанатты ашылу рәсімін Сырым ауданы әкімінің міндетін атқарушы Асланбек Сарқұлов пен ауыл тұрғыны Әди Халиуллин жүргізді.
- Бүгінгі спорт алаңының ашылуы-ауданымыз үшін айтулы оқиғаның бірі. Биылғы жылы жарияланған "Балалар жылы" аясында балаларымызбен бүлдіршіндеріміз бос уақытын спортпен шұғылданумен өткізіп, физикалық қабілеттерін дамыта алатын болады.
Сарой ауылдық округінде соңғы жылдары бұқаралық спортты қолдау кең көлемде жүзеге асып келеді. Соның бір айғағындай 2019 жылы Шағырлой ауылында ауыл азаматтарының, түлектердің демеушілігімен спорт алаңы салынып, пайдалануға берілді. "Абай" шағын футбол командасы үздік нәтижелер көрсетіп, лига жарыстарында аудандық, облыстық додаларда жеңімпаз атанып жүр.
Алдағы уақытта бұл үрдіс жалғасын тауып, спорт саласы дамып, балғын спортшыларымыз жақсы нәтижелермен қуантады деп сенеміз! – деді Асланбек Ахметоллаұлы өзінің құттықтау сөзінде.
«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша жүзеге асқан жобаның құны 23,2 млн теңгені құрайды. Алаңның көлемі – 525 шаршы метр. Мердігер "Жайық Сити" ЖШС нысанның құрылысын сәуір айында бастап, белгіленген уақытында аяқтады.
Ашылған күні жаңа алаңда шағын футболдан аудандық ашық турнир өтті.
Турнирге Сырым ауданы бойынша 8 команданың футболшылары қатысты.
Одан бөлек, "Жайық Сити" басшысы Мереке Молдағалиев Көздіғара негізгі мектебіне доптар сыйлап, демеушілік көрсетті.
Аталмыш әмбебап алаң Жырақұдық ауылында да шілде айының соңында халық игілігіне берілмекші.
Айжан АМАНГЕЛДИНА,
Сырым ауданы