
Кешегі аптаның соңғы жұмыс күнінде Сырым ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Сырым аудандық мәслихатының І сессиясы өтті. Осы сессияның алдында аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Өтеген Уашев аудан активіне ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлаудың қорытындысын таныстырып, аудандық мәслихатқа сайланған депутаттарға куәлік пен арнайы белгі табыстады.
Сайлаудың қорытындысы бойынша аудандық мәслихаттың VII шақырылымына «Nur Otan» партиясы Сырым аудандық филиалы ұсынған тізіммен 6 адам өтті. Олар – «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Сырым аудандық филиалының төрағасы Айдынғали Балғалиев, С. Датұлы атындағы тарихи – өлкетану музейінің директоры, өлкетанушы Айнагүл Ойшыбаева, педагогикалық – психологиялық түзеу кабинетінің меңгерушісі Айда Ниязғалиева, «Бекжан» шаруа қожалығының жетекшісі Ернар Байдашев және белгілі мәдениет қызметкері Жасқайрат Кенжебаев, ақын, аудандық газеттің редакторы Бауыржан Ширмединұлы бар. Партия филиалының төрағасы Төлеген Төреғалиевтің квотасы бойынша партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Дарғожиев, «Мүтір» ШҚ жетекшісі Жеңіс Шәпешов және аудандық мәслихаттың хатшысы Шынар Дүйсенғалиева бар. Шынар Дүйсенғалиева кешегі сессияда депутаттардың қолдауымен мәслихат хатшылығына қайта сайланды.
Осы сайлаудан кейін аудандық мәслихаттың бірпартиялы құрамы жаңарды. «Ақжол» партиясынан ұсынылған кәсіпкерлер Нұржан Бисенғалиев пен Ақеділ Нұрмашев депутаттар қатарынан орын алды.
VII шақырылым депутаттарының алғашқы сессиясына аудан әкімі Төлеген Төреғалив қорытынды сөз сөйледі. Осыған дейін мәслихат қатарында болған ауданның экс – депутаттарына алғыс хат тапсырды. Сондай – ақ, аудандық мәслихаттың жаңа құрамына сәттілік тілеп, олардан ауданды дамыту ісінде алғыр, азаматтардың мұң – мәселесін билікке жеткізуде ширақ болуды сұрады.