ҚАДЫР РУХЫНА ТАҒЗЫМ: ЖЫМПИТЫДА ХАЛЫҚ ТЕАТРЛАРЫНЫҢ ФЕСТИВАЛІ ӨТУДЕ

ҚАДЫР РУХЫНА ТАҒЗЫМ: ЖЫМПИТЫДА ХАЛЫҚ ТЕАТРЛАРЫНЫҢ ФЕСТИВАЛІ ӨТУДЕ
ҚАДЫР РУХЫНА ТАҒЗЫМ:
ЖЫМПИТЫДА ХАЛЫҚ ТЕАТРЛАРЫНЫҢ ФЕСТИВАЛІ ӨТУДЕ
Жырдың қасиетті мекені, жампоз сөздің жалауын көтерген Жымпиты тағы да ел назарын өзіне аударды. Биыл – қазақтың дарабоз ақыны, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қадыр Мырза Әлінің туғанына 90 жыл. Осы айтулы жыл аясында Сырым елінде халық театрлары арасында аймақтық фестиваль ұйымдастырылып, рухани шара қонақтарын Жымпиты ауылына кіре берістегі бас қақпадан сән-салтанатымен қарсы алды.
Жымпиты жері бұл күні ақын рухына бас иіп, қонақтарын құшақ жая қарсы алды. Салтанатты сапар Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінен басталды. Мұндағы әрбір жәдігер – үнсіз шежіре, қатпар-қатпар тарих. Қонақтар Қадыр тағылымына қанығып, оның бала күнгі мекені, өлеңге алғаш елеңдеген шағы туралы тың деректерге куә болды. Ақынның өмірі мен өнеріне қатысты мәліметтер жүрекке жылу беріп, көкірекке нұр құйды.
Мұнан соң, мәртебелі меймандар аудан орталығындағы Қадыр ескерткішіне барып, тағзым етті. Ақын рухына бас иіп, гүл шоқтарын қойды. Ескерткіш маңында өткен шағын жиында Сырым ауданы әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов сөз сөйлеп, фестиваль қатысушыларына ақжол тіледі:
– Бүгін Қадыр ағамыздың әні композицияға, сөзі қойылымға айналып, сахна төрінде сөйлейді. Қазақ бар жерде – Қадыр бар. Қадыр бар жерде – қазақтың рухы бар. Сіздердің жасап жатқан еңбектеріңіз – ұлт руханиятына қосқан шынайы үлес, – деді ол.
Саңлақ сөз иесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Айтқали Нәріков те сөз тізгінін алып, жүрекжарды лебізін білдірді:
– Қазақтың әдебиет тарихында Жымпитының орны ерек. Бұл – Сырымдай серкені тудырған топырақ. Сол серкенің артынан Қадыр келді. Қадыр – қазақ жырының классигі, өлеңнің өрісін кеңейткен біртуар ақын. Қалам ұстағанның бәрі оны мойындады, – деді ол тебірене.
Ақын ескерткіші жанында оқушылар Қадырдың жүректі тербеген жырларын жатқа оқып, жиналған жұрттың көңілін бір толқытып өтті.
Қонақтар естелік суретке түсіп, ақын рухымен қауышқан бір күнді жүректеріне түйді.
Шынар МОЛДАНИЯЗОВА