Меню

Страницы

Статья

Сырым ауданы бойынша 2021 жылы атқарылған жұмыстар туралы

Сырым ауданы бойынша 2021 жылы атқарылған жұмыстар

туралы анықтама

 

Еліміз тағы бір тарихи жылды еңсеріп, атқарылған істерге есеп беруде. Өткен жылымыздың басты ерекшелігі еліміздің тарихында қасиетті де қастерлі мерекеміз Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келуі болды.

Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес жыл сайын дәстүрлі түрде барлық деңгейдегі әкімдер халық алдында есеп беру жиындарын өткізеді. Биылғы жылы да осындай жиындар барлық санитарлық талаптар сақтала отырып, оздырылуда.

Өткен жылғы есептік жиындар барысында тұрғындар тарапынан көтерілген ұсыныстар негізінде 50 мәселе іс-шаралар жоспарына енгізіліп, бүгінгі күні 28-і орындалып, 3 мәселе жартылай орындалып, 19 мәселе бақылауға қойылды.

Президенттің Жолдауда айтқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында аудан әкімімен, оның орынбасарларымен және тиісті сала басшыларымен жеке қабылдаулар онлайн түрде өткізілді.

Қабылдауларда болған тұрғындардың басым бөлігі еңбек, халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік және тұрғын үй мәселелері бойынша жолықты. Жолыққан азаматтарға қолданыстағы заңнамаларға сәйкес тиісті түсініктер берілді. 

Мұның сыртында «Адал көмек» жобасы аясында аудан әкімдігінің фейсбук парақшасында мекеме басшыларымен тікелей эфирлер ұйымдастырылды.

Ауданның негізгі салаларындағы атқарылған бірқатар жұмыстарға тоқталсақ:

 

БЮДЖЕТ ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯ

2021 жылғы аудан бюджеті кірісінің көлемі 5 млрд. 728,7 млн. теңгеге жоспарланған болса, 5 млрд. 801 миллион теңгеге орындалды. Соның ішінде өзіндік кірістер 640,3 млн. теңге көлемінде жоспарланып, нақты аудандық бюджетке 712,9  млн. теңге түсті. Бюджеттің шығыс бөлігі 5 млрд. 693,4 млн. теңгеге немесе 99,4 пайызға игерілді.

Аудандағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2021 жылдың 12 айында 4 млрд. 499 млн.теңгені, соның ішінде жеке арқылы тартылған инвестиция көлемі 2 млрд. 96 млн теңгені немесе сектор жалпы инвестиция көлемінен 46,6% құрады.

 

 

АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ, ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ

2021 жылы ауыл шаруашылығын қолдауға ауылшаруашылығы саласының қаржылық несие ұйымдары арқылы  несие мен мал шаруашылығын дамытуға субсидия 757,2 млн. (440,4 млн. мал шаруашылығына төленген субсидия, 316,8 млн. теңге несие арқылы асыл тұқымды мал сатып алынды) теңге көлемінде берілсе, техника алуға шаруашылықтардан 609,3 млн. теңге қаражат жұмсалып мемлекет тарапынан 148,3 млн. теңге инвестсубсидия төленді.  

Өткен жылдың есептік кезеңіндегі мал басына тоқталсақ ірі қара малы 51297 басқа жетіп, 7,8%-ға, ұсақ мал – 85938 басты құрап, 5,9-ға жылқы малы – 26094 басты құрап, 20,2%-ға артса, түйе 97 басты, құс – 17956 басты құрады.

Сәйкесінше төрт түлік малдан 6,7 мың тонна ет, 14,7 мың тонна сүт және 222,5тонна жүн өнімдері мен 1,9 мың дана жұмыртқа алынды.

Ауданның 36 шаруа қожалығы асыл тұқымды мал өсіруші шаруашылықтар ретінде тіркелген, оларда 6051 бас асыл тұқымды ірі қара малы бар. Өткен жылы шаруашылықтармен 706 бас асыл тұқымды мал сатып алынды. Олар: Бұлан ауылдық округінен «Берекет», Елтай ауылдық округінен «Молдағали», «Стан», Шолақаңқаты ауылдық округінен «Нұрдаулет»,  Жосалы ауылдық округінен «Балауса», Жымпиты ауылдық округінен «Харун», Қособа ауылдық округінен «Нұрлыхан» шаруа қожалықтары қазақтың асыл тұқымды ақбас ірі қара малын, ал Талдыбұлақ ауылдық округінен «Арайлы»  шаруа қожалығы герефорд асыл тұқымды малын алып келді. 

Ауданда 133 қыстақта мал тоқтаған болса, жазғы маусымда оларға 174,03 мың тонна мал азығы дайындалған болатын, бүгінгі күні мал азығының қоры 128,0 мың тонна, қыстақтардағы жағдай қалыпты өтуде.

Аудан бойынша 2021 жылы дәнді дақылдар алқабы 8591 гектар жерге егіліп (с.і. күздік – 3830 га, жаздық дәнді дақылдар – 4761 га),  шығымдылығы 8,1 центнерден келсе, майлы дақылдар 4523 га. жерге егіліп, шығымдылығы 6,7 центнерді құрады.

Кейінгі жылдары ауа райының қуаңшылығына байланысты шаруашылықтар жаңа технологиямен жабдықталған ауылшаруашылық техникаларын сатып алу арқылы құрғақшылыққа төзімді, сапалы дәнді дақылдар егу ісімен айналысып, жоғары өнімге қол жеткізуде. Атап айтқанда, «Жібек жолы» шаруа қожалығы  жаңа технологиямен еккен арпа дақылының әр гектарынан 10 центнер, құмай өнімін 11 центнерден алып, өзге шаруашылықтардан 2-3 есе артық өнім алып отыр.  

Сондай-ақ, жаңа технологияны тәжірибеге енгізген «Ажғалиева А.Х.» шаруа қожалығы күздік бидайдан гектарына 14 центнерден өнім алып, аудан бойынша күздік бидай өнімділігінің көрсеткіші 11,6 центнерді көрсетіп отыр.

Жеке техника парктерін жаңартуды мақсат тұтқан 51 шаруа қожалық 114 дана ауылшаруашылығы техникалары мен қосымша жабдықтар сатып алды, соның 48-дана трактор.

Өткен жылы барлығы 45498 гектар жер айналымға енгізілсе, 2020 жылы бұл көрсеткіш 57095 гектарды құраған болатын. Есептік кезеңде барлығы 40205 гектар жер конкурс арқылы берілді (соның ішінде 17048 гектар егістік, 23155 гектар жайылымдық жерлер).

Мемлекеттік меншікке қайтарылған жер көлемі 11701 гектар (егістік-2150 га., шабындық-484 га., жайылымдық-9038 га.).

 

ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕС

Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер ететін факторлардың бірі жеке инвестиция десек, аудан бойынша кәсіпкерлік саласында салынған обьектілер көрсеткіші 2021 жылы 213,5 млн. теңгені құрап, 3 есеге өсіп отыр.

2021 жылы аудан бойынша жыл басынан бері 10 жеке кәсіпкерлік нысандары іске қосылды. «Жасмин» мейрамханасы (100 млн. теңге), Бұлан ауылы Шідерті өзені жағасынан демалыс орны (33 млн. теңге), «АЗИ» азық-түлік дүкені (8,0 млн. теңге), Жымпиты, Тасқұдық ауылдарынан қоғамдық монша (11,5 млн. теңге), «Дастархан» дәмханасы (25,0 млн. теңге), «Береке» асханасы (3,0 млн. теңге), «Алтын ұя» жеке балабақшасы (8,0 млн. теңге), Самара-Шымкент тас жолы бойынан көлік жуу орны (10,0 млн. теңге) және «Жәдік» шаруа қожалығымен ет дүкені (15,0 млн. теңге) іске қосылған болатын. Қызмет көрсету орындарына 25 тұрғын тұрақты жұмысқа орналасты. Мұның сыртында «Жібек жолы» шаруа қожалығының мал сою пункті іске қосылды.

 

ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫ.

2021 жылы аудан бойынша жалпы алаңы 5494 шаршы метр, яғни 43 жеке тұрғын үй құрылысы жалпы соммасы 367,09 млн. теңгеге салынып, қабылданды. 2020 жылмен салыстырғанда 3,3 пайызға артқанын байқаймыз. Сонымен қатар, алаңы 19500 шаршы метр болатын 18 жеке өндірістік қоғамдық ғимарат бой көтерді.

Сондай-ақ, тірек елді мекендердің әлеуетін арттыру мақсатында Алғабас ауылынан 15 тұрғын үй алаңына инженерлік-коммуникациялық желілері жүргізілді. 

Алдағы уақытқа жоспарланған жобалар қатарында, Өлеңті ауылынан 42 тұрғын үй орынға инженерлік-коммуникациялық желілер тарту, Өлеңті ауылынан 42 тұрғын үй салу, Қособа ауылынан 8 үй орнына инженерлік-коммуникациялық желілер жүргізу сынды жобалар бар.

 

КӨГІЛДІР ОТЫНМЕН ҚАМТУҒА КӨМЕК

Тұрмысы төмен отбасылардың жеке тұрғын үйлеріне тегін көгілдір отын қосып беру жұмыстары жылма-жыл жалғасып келеді. Өткен жылы

21 тұрғынның үйіне тегін көгелдір отын қосуға көмек берілді. Нақты айтқанда, Аралтөбе, Бұлан, Жосалы, Бұлдырты, Жетікөл ауылдық округтерінде түлектердің, жеке кәсіпкерлердің және мешіт жамағатының көмегімен 11 тұрғын үйге көгілдір отын қосуға көмек көрсетілсе, аудандағы мекемелер мен кәсіпорындар қызметкерлерінің, жеке кәсіпкерлер мен жанашыр азаматтардың  қолдауымен «Сырым қоры» арқылы 10 тұрғынның үйіне тегін көгілдір отын қосуға жәрдем берілді.

АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ

Халықты орталықтандырылған ауыз сумен қамту 89,7% - ды құрайды. Сырым ауданының 38 ауылдық елді мекенінің 31-і жерасты ұңғымаларынан орталықтандырылған су құбырымен жабдықталған. Орталықтандырылған ауыз су құбырын пайдаланатын халық саны
 17336 адамды құрайды. Жергілікті бюджет есебінен Бұлдырты, Қазақстан, Қарағанды, Көгеріс ауылдарының ауыз су жүйесін күтіп ұстау жұмыстары 10,8 млн. теңгеге атқарылды. Сонымен қатар, Қособа ауылы тұрғындары тарапынан көтеріліп жүрген ауыз су мәселесін шешу мақсатында су құбыры жүйесіне қосымша ұңғыма қазу, бұрғылау, сынамалау және шахта сақиналарын салу жұмыстары 3,174 млн. теңгеге жүргізілсе, Қосарал ауылына 2 су құбыры жүйесіне қосымша ұңғыма қосу, бұрғылау, сынамалау және шахта сақиналарын салу жұмыстары 5,8 млн. теңгеге жүргізілді.

Сондай-ақ, Қазақстан елді мекенінің тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту мақсатында кешенді блок модулін орнату жұмыстары 9 млн. 520 мың теңгеге орнатылды.

Бұлан, Жамбыл ауылдарын ауыз сумен қамту бойынша құны 699,7 млн.тг, Қособа, Жырақұдық ауылдары бойынша 590,679 млн.тг, Алғабас, Қарағанды ауылдары бойынша 761,342 млн.тг көлемінде жобалары дайындалды және биылғы жылы құрылыс жұмыстары іске асырылатын болады.Сонымен қатар, Шағырлой, Қызылағаш, Көздіғара, Көгеріс елді мекендерінің ауыз су желісін жаңғырту жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамалары жасақталып, тиісті басқармаларға ұсынымдар жіберілді.

 

КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ.

Ауданымызда 196 км республикалық, 132 км облыстық және 253 км аудандық маңыздағы жолдар бар.Ауданның ауылішілік және елді мекенге дейінгі жолдарын жөндеу жұмыстары өткен жылы да жалғасын тауып, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша Жымпиты ауылының Исаев, Есенжанов көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді. Мұның сыртында 2020 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында басталған Тоғанас ауылына дейінгі кірме жолды орташа жөндеу және Ақсай-Жымпиты автожолының 149-159 шақырым аралығындағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қалған бөлігі ағымдағы жылы аяқталатын болады. 

Жымпиты ауылында жаяу жүргіншілер жолын жасақтау жұмыстары шеңберінде Сүйірбаев - С.Датов көшесі, Асадуллин-С.Датов көшесі және Мұхит, Қажмұқан көшелерінде барлығы 1,4 км жаяу жүргіншілер жолы жасақталды.

Қосарал ауылының тұрғындары тарапынан есептік кездесулерде көтеріліп жүрген мәселенің бірі ауылға кіре беріс көпірді жөндеу болатын. Өткен жылы бұл жұмыс толықтай атқарылып, тұрғындар игілігін көруде.

Алдағы уақытқа жасақталған жол жөндеу жобаларымыз аудандағы көлік инфрақұрылымын дамытуға оң әсерін тигізері сөзсіз. Бұл орайда, Бұлан ауылына дейінгі кірме жолдың және Шағырлой ауылішілік жолдарына жобалары дайындалып, сондай-ақ, қазіргі уақытта Қособа, Аралтөбе, Талдыбұлақ, Тасқұдық ауылдарының кірме жолдарына және Жымпиты, Бұлдырты ауылішілік жолдарына жөндеуге жоба жасақталуда.

Жымпиты ауылын абаттандыру жұмыстары аясында Жымпиты ауылы ішіне 40 дана энергия үнемдеуіш шамдар орнатылды. 2021 жылы Жымпиты ауылынан 2,2 га жерге саябақ жасақталып, қоршау жұмыстары жүргізіліп, ағымдағы жылы абаттандыру бойынша жұмыстар жалғасатын болады.

Ауылдық елді мекендерді ұялы байланыспен қамту мақсатында осыған дейін тұрғындар тарапынан қозғалып жүрген өзекті мәселе Көгеріс ауылына Activ байланыс желісі іске қосылды.

 

ӘЛЕУМЕТТІК САЛА ЖӘНЕ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ.

Аз қамтылған отбасыларды қолдау мақсатында мемлекеттен төленетін атаулы әлеуметтік көмек 390 отбасына, яғни 1826 адамға тағайындалып, төленді. Кепілдендірілген әлеуметтік пакет осы отбасылардағы 1 жастан 18 жасқа дейінгі 275 балаға берілді.

Жергілікті өкілетті органдардың шешімімен төленетін әлеуметтік төлемдер 807 адамға 32,9 млн. теңге, тұрғын үй көмегі   31 отбасыға 1 млн. 500 мың теңге  көлемінде төленді.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында ауданға келген                         жас мамандарды көтермелеу мақсатында 84 маманға көтерме жәрдемақы және 25 маманға бюджеттік несие берілді.

«Еңбек» бағдарламасы шеңберінде 582 адам жұмысқа орналасып, 827 жаңа жұмыс орындары ашылды. Аталмыш бағдарлама шеңберінде 57 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 1015 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды. Жастар тәжірибесімен 49 жас маман әртүрлі мекемелерге жолданды.

Бағдарламаларға қатысушы 16 адам қысқа мерзімді курстарға жолданып, оның 14-і жұмысқа орналастырылды.  Ұзақ мерзімді кәсіптік оқытуға 30 адам жолданса, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне 104 адам оқытылды. Өз кәсіптерін ашуға ниет білдіруші 32 адам 147,7 млн. теңге несие алып, жұмыстарын бастады. Несие алған азаматтар қатарында 28-і өзін өзі жұмыспен қамтып отырғандар және 4-уі көпбалалы отбасы санатынан. Бұл азаматтар 205 ірі қара, 63 бас жылқы, 444 бас ұсақ мал сатып алды.

Мұның сыртында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға бағытталған  қайтарымсыз мемлекеттік гранттар 87 адамға 50 млн. 755 мың теңге көлемінде берілді. Мемлекеттік грант алушылар қатарында  23 аз қамтылған отбасы, 19 жұмыссыз азаматтар, 13 өзін-өзі жұмыспен қамтушылар, 1 көпбалалы отбасы және 1 мүмкіндігі шектеулі азамат және 30 жастар өкілдері бар. Аталмыш азаматтар мал шаруашылығын дамыту, әртүрлі аппараттар сатып алу, наубайхана жабдықтарын алу және өзінің айналысып жатқан кәсіптерін жалғастыру істерін бастап кетті.

 

БІЛІМ БЕРУ

Білім беру бөліміне қарасты 22 мектеп, яғни 14 орта, 5 негізгі,                         3 бастауыш мектепте  3020 оқушы білім алуда. Әрбір білім саласына қатысты атқарылар жұмыстардың басында білім мекемелерінің  материалдық – техникалық базасын жетілдіру бірінші кезекте тұр. Өткен жылы аудан бойынша күрделі жөндеу болған жоқ, алайда, оқушылардың оқуына қолайлы жағдай туғызу мақсатында барлық білім беру мекемелеріне 63 млн. теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оқу жылы ішінде ағымдағы жөндеу есебінен Көздіғара негізгі мектебінің терезелері пластикалық терезеге ауыстырылды. Аудан әкімінің есептік кездесулерінде тұрғындар тарапынан өзекті мәселелердің бірі болып жүрген Жырақұдық орта мектебінің сыртын қаптау жұмыстарымен қатар терезелерін пластикалық терезеге ауыстырылды. Сонымен қатар, Аралтөбе орта мектебінің ауласына 585 шаршы метр жерге өрнектастар төселді. Мұның сыртында Жосалы орта мектебінің оң жақ бөлігіне 9 млн. теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бөлек ғимаратта орналасқан балабақша мектепке көшіріліп, жұмыс жасауда. Аудан орталығындағы мектеп лицей ғимаратының қосымша оқу корпусына ағымдағы жөндеу және ауласын қоршау жұмыстары жүргізілді. Мектеп лицей ашылған кезде 49 оқушы болса, бүгінгі күні 115 оқушы білім алуда. Қазіргі таңда ауылдардан келіп туыстарының үйінде жатып, оқып жатырған оқушыларымызбен қатар  оқуға ниет білдіріп отырған оқушыларымызда бар. Осы мәселені шешу мақсатында лицей жанындағы қосымша ғимараттан жатақхана ашуды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күні қажетті құрал жабдықтар алынуда. Мемлекет басшысының 1000 мектеп салу тапсырмасына сәйкес аудан орталығынан 300 орынға арналған мектеп лицей мен 100 орынға арналған жатақхана салу және Құспанкөл ауылынан 54 оқушыға арналған бастауыш мектеп салу мәселесі ауданның есеп беру жиындарында көтерілген мәселелер қатарына енгізілген болатын, бұл жөнінде білім басқармасына тиісті ұсыныстар берілді.

 

 

 

 

МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ САЛАСЫ

Аудан бойынша өткен жылы оздырылған 601 мәдени-көпшілік шаралар саны 601, оған 25 мыңға жуық көрермен қатысқан, 221 бұқаралық спорттық шараға 5 мыңға жуық тұрғын қамтылған. Өткізілген жоспарлы шаралардың барлығы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында оздырылды, кейбір ауқымдыларына тоқтала кетсек. Ауданымызда «V республикалық Қадыр оқулары», облыстық 9 ауданның жас мәдениет қызметкерлерінің қатысуларымен «Жас дарын» облыстық командалық шарасы, Ұлы Отан Соғысының ардагері, жазушы  Жәрдем Тілековтың 110 жылдығына арналған Аралтөбе ауылында облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіліп, мектеп ауласында бюст орнатылған болатын. Сонымен қатар, Батыс Қазақстан облысының ақындарының арасында «Сырым семсері» қорытынды ақындар айтысы оздырылды. Бұлан ауылы, Шідерті өзенінің жағасында «Дала құндылығы» атты мәдениет қызметкерлері арасындағы аудандық жылқы ерттеу және балық аулау жарысы оздырылды. ҚР Тәуелсіздіктің  30 жыл толуына орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Бидай қуырып, диірмен тарту», «Киіз басу», «Құрақ көрпе-құндылық», «Қазақтың ұлттық тағамдары» кезеңдері бойынша ұмыт болып бара жатырған дәстүрімізді, ұлттық рухты, тәлім-тәрбиені дәріптейтін «Ұлттық дәстүр-тәрбие негізгі» атты аудандық байқауға 12 ауылдық округтегі келіндер арасында сайыс ұйымдастырылды.

Мәдениет саласының материалдық-техникалық базасын жаңарту мақсатында Жымпиты ауылынан С.Датұлы атында мұражай реконструкциядан өткізілді. Ендігі кезекте ішіне қажетті жабдықтар алу мәселесі қаржыға байланысты қарастырылатын болады.

Бұқаралық спорт – ұлт саулығының кепілі. Аудан бойынша спорттық инфрақұрылымдар қатары 106-ны құрайды. Елімізде қабылданған «Өңірлерді дамыту», т.б. мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жаңадан Тасқұдық, Көгеріс елді мекендерінен спорт алаңдары салынса, Қосарал  елді мекенінен streetworkout алаңы жасақталды. Бұлдырты ауылындағы 50 көрермен орындық спорт зал құрылысының жобасы дайындалып, ағымдағы жылы іске асырылуға жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, Көздіқара және Жырақұдық ауылдарының спорт алаңы құрылысының жобалық сметалық құжаттары дайын болды.

Ұлттық спорт түрлерін дамыту мақсатында ашылған ат спорты үйірмесі өз жемісін беруде, нәтижесінде жастардың атқа міну мәдениетіне қызығушылықтары артып, 12 ауылдық округте 14 тай жарысы, асау үйрету секілді ұлттық спорт түрлерінде жасөспірімдері қатары көбеюде.

Өткен жылы аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне 50 жыл толуына орай жасөспірімдер арасында дзюдодан жарыс өткізіліп, облыс аудандарынан Бәйтерек, Тасқала және өзге облыстардан Атырау, Ақтөбе, Қызылордадан жас палуандар қатыстырылды.

2021 жылдың айшықты жеңісінің бірі, Румыния елінде өткен қол күресінен еліміздің құрама сапында өнер көрсеткен Бұлдыртылық жас қыз Рустамова Гаухардың әлем чемпионатында үздік өнер көрсетуін айта кеткен жөн.

Аудандағы мәдениет және спорт саласының базасын одан әрі жақсарту мақсатында Жымпиты ауылының Алашорда – С.Датов көшесінің қиылысынан саябақ жасақтау жобасы жасақталса, Жымпиты ауылынан кітапхана салу, Тоғанас ауылынан мәдени-демалыс орталығын салу сынды жобалар мемлекеттік сараптамадан өткізілуде.

 

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ.

Мемлекеттік денсаулық сақтау жүйесі 1 аудандық ауруханадан тұрады, оның құрамына: емхана, аурухана, 6 дәрігерлік амбулатория, 5 ФАП,11 медициналық пункт кіреді. Аудандық ауруханада 424 штат бірлігімен 387 қызметкер жұмыс  жасайды. 2021 жылы 362 сәби дүниеге келді.

Елімізде белең алған індетпен ауданның кейбір тұрғындары да ауырды. Індет әлі де жойылып кеткен жоқ. Сондықтан тұрғындар бірінші кезекте сақтық шараларын қатаң ұстануы қажет. Қазіргі таңда ауданымызда екпе алу көрсеткіші 62% көрсетіп отыр. І компонент бойынша 6405 адам, ІІ компонент бойынша 6022, ревакцинация бойынша 1564 адамды құрады.

Сонымен қатар, аудандық аурухананың медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету көрсеткіші 2021 жылы 91,2 % құрады.

 

                        «Рухани жаңғыру»

Бағдарламасы шеңберінде 2021 жылы ауданымызда «Туған жер» бағдарламасы негізінде 9,9 млн. теңгеге 8 жоба жүзеге асып отыр. Қысқаша тоқталсақ, Өлеңті ауылында сыртқы сахна,  Бұлан ауылында байланыс мұнарасы (толықтай іске қосылған жоқ) және Жамбыл ауылында хоккей алаңы, Талдыбұлақ ауылының кіре берісіне аялдама, Бұлдырты ауылында балалар ойын алаңы, Қосарал ауылында «Сырым» орта мектебінде Сырым Датұлының кеудетұғыры (бюст) және ауыл ішіне Streetworkout  алаңы іске қосылса, Алғабас ауылында балалар қажетті спорттық жабдықтармен қамтылды.

 

Құрметті жерлестер!

«Бірлігі бар елдің босағасы берік» дейді дана халқымыз. Олай болса биік белесті мақсат тұтқан еліміз үшін бірлік пен ынтымақтың орны бөлек. Жолдаудағы басым бағыттарды мақсат тұтқан  аудан халқының да игілікті істерден ауызбіршілігі мен ынтымағы айқын көрініс тауып отыр. Олай болса, тынымсыз еңбектеріміз толайым табыстарға жеткізіп,  ырысымызды арттыра берсін.

Назарларыңызға рахмет!

 

 

Дата публикации
25 февраля 2022
Дата обновления
03 марта 2022
Тип
Баяндама

Сейчас читают

20 октября 2026
19 октября 2026
16 октября 2026

Социальные медиа

Сырым ауданы әкімдігінің ресми фейсбуктегі парақшасы
Инстаграмдағы ресми парақшасы

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы