М. Есламғалиев атындағы Сырым аудандық орталық кітапханасында «Абай сөзінің шырағы – жастарға жол сілтер шам» атты еркін форматтағы Open Mic поэзиялық кеші ұйымдастырылды. Мақсат - жастар арасында адалдық идеясын насихаттап, Абай мұрасы арқылы парасаттылық пен әділеттілік құндылықтарын дәріптеу. Шара барысында қатысушылар ұлы ақын Абай Құнанбайұлының өлеңдерін мәнерлеп оқып, қара сөздерінен үзінділер келтіріп, ақын шығармашылығы туралы өз ой-пікірлерімен бөлісті. Ашық микрофон алаңында жастар Абай мұрасын бүгінгі өмірмен байланыстыра отырып, еркін ойларын ортаға салды. Сонымен қатар, ақынның нақыл сөздерін талдап, олардың тәрбиелік мәні мен өмірлік маңызын кеңінен талқылады. Кездесу барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, адалдық пен әділдік қағидаттарын дәріптеу мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Себебі, жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – қоғамның әрбір мүшесінің ортақ міндеті. Адалдық, әділдік, ар-ождан мен жауапкершілік қағидаттарын жас ұрпақтың бойына сіңіруде ұлттық рухани құндылықтардың орны ерекше. Қатысушылар Абайдың адамгершілік, ар-ождан, әділет пен адал еңбек туралы ойларын қазіргі қоғамдағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу құндылықтарымен байланыстырып, жастар арасында парасаттылық пен жауапкершілікті қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Ұлы ақынның «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп», «Пайда ойлама, ар ойла» қағидаларының бүгінгі қоғам үшін де өзектілігі айтылып, адал азамат тәрбиелеуде рухани құндылықтардың рөлі кеңінен сөз болды. Кеш еркін пікір алмасу форматында өтіп, жастардың сөз өнеріне деген қызығушылығын арттырып, ұлттық әдебиетке деген құрметін нығайтты. Абайдың мәңгілік мұрасы жас ұрпаққа бағыт-бағдар беретін рухани шам ғана емес, адалдық пен әділдікті ту еткен, сыбайлас жемқорлыққа төзбейтін саналы қоғам қалыптастырудың да маңызды негіз.