«Ұстаздар күні» мерекесіне  орай аудан әкімінің құттықтау сөзінің желісі

 

«Ұстаздар күні» мерекесіне

 орай аудан әкімінің құттықтау

сөзінің желісі

 

Құрметті ұстаздар!

Шара қонақтары!

         Баршаңызды кәсіби мерекелеріңіз – Ұстаздар күнімен құттықтаймын!

     Білімнің күші құдіретті. Ол бар жерде үздіксіз даму үрдісі жүреді. Білім мен ғылым арқылы өркениет дамып, мәдениет гүлденеді. Білім арқылы адам баласы өмірдегі өз орнын табады.

     Ұстаз - келер күннің ұстасы. Балалардың қалыптасып келе жатқан дүниетанымының, өмірге деген көзқарасының иесі. Біздердің бүгінгі болмысымыз - әліппені жаттатқызып, қолға қалам ұстатқан кешегі ұстаздарымыздың еңбегі. Ендеше, ұрпағымыздың ертең қандай адам болып өсетіні - мұғалімдердің бүгінгі еңбегінің жемісі болмақ.

    Ұстаздар – мемлекет пен қоғам арасындағы алтын көпір тәріздес. Мемлекеттің идеологиясы, қоғамның дәстүрі мен құндылықтары, адамзаттың асыл қасиеттері, ғылым мен өнердің мұралары ұстаздар арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жол тартады.  

        Ертеңгі мемлекеттің болмысы – ұстаздың бүгінгі тәлімінде.

        Еліміздің болашағы білімді жастармен тығыз байланысты. Қазіргі жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесі қандай дәрежеде болса,  еліміздің ертеңі де сондай дәрежеде болмақ. Олай болса, Ұлы кемеңгер Абайдың: «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға..» - деген даналық сөзі ешқашан мәнін жоғалтпайды.

Елімізде бүгінгі таңда болып жатқан әрбір елеулі оқиға, жетістіктер, білім жүйесіндегі жаңалықтар, ғылым мен техниканың қыр-сыры сіздердің білім-біліктеріңізден, шәкірт қиялына қанат бітірер сөздеріңізден, жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталған қырағы көздеріңізден тыс қалмай, заман ағымымен ілгері жетелеп келеді.

Еліміздегі білім беру мекемелерінің желісі сапалы білімге қолжетімділіктің мемлекеттік кепілдіктер жүйесінің іргетасы болып есептеледі.

    Сондықтан да, ауданымызда білім саласына әр кез назар аударылып, мектептер мен мектепке дейінгі тәрбие беру мекемелерінің материалдық-техникалық базалары нығаюда. Сондықтан «Ұстаз – ұлы тұлға» деген құрметті атаққа лайық жандар ретінде өздеріңізді өркениет біткеннің өзегі – білім, ғылым, тәрбиені шәкірт санасына жеткізудегі, Тәуелсіз елдің тірегі  жас ұрпақ тәрбиелеудегі кәсіби шеберліктеріңіз, мейірімділік пен төзімділіктеріңіз үшін алғысымды білдіремін.

         Қоғам мен адамзат алдындағы өлшеусіз еңбектеріңізді ескере отырып, Сіздерге өскелең ұрпақ тәрбиелеудегі өрелі жұмыстар және мемлекеттің гүлденуі жолындағы абыройлы істеріңізге толымды табыс тілеймін.

Ұстаздық жолдарыңыз тек өрлеу мен өсуге бастасын.
Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!

 

 

 

Дата публикации
05 октября 2023