Төрт түлегін түлетіп, содан ризығын айырып келе жатқан тұрғындар соңғы жылдары жайылыстағы малының қамын ойлап, мазасыз күй кешуде.
Оған себеп- мал ұрлығы. Қыс мезгілі келіп, соғым уақыты таяғанда мал ұрлығының тіпті жиілеп кететіні де рас.
Мал ұрлығы - ауыр қылмыстардың бір түрі. Қылмыстын осы түрімен күресті күшейту мақсатында Ішкі істер министрлігі басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, заңнамалық, ұйымдастырушылық және практикалық шараларды тұрақты түрде жүргізеді. Осындай қадамның бірі- ауылшаруашылық жануарларын жаю ережелерін қабылдауды атап өтсек болады. Ережеге сәйкес жануарларды бақылаусыз жаюға тыйым салынады. Сондай-ақ жайылым ережелерін бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 408-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік белгіленген.
Мемлекет басшысынын өзі мал ұрлаушыларға жазаны күшейтуді тапсырған болатын. Себебі, мал - ауыл халқының күн көрісі, берекесі. Азық ғана емес бүгінгі күні – табыс көзі. Қылмыстық кодекске 188-1-бабы бойынша «мал ұрлығы» деген жаңа бап енгізілген болатын. Онда ең ауыр жаза 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.
Малдарды қылмыстық қолсұғушылықтан қорғау үшін ІІМ қарапайым ережелерді сақтауды ұсынады:
-малды жайылымға қараусыз жібермеу;
-GPS-трекерлерін орнату арқылы бақылаудың заманауи әдістерін қолдану;
- малға ен салып, таңбалау және чиптеу.