
Өтетін орны: Орал қаласы
Өтетін уақыты: 20 наурыз – 3 мамыр, 2025 жыл
Орал қаласында ұлттық спорт түрлерінен «Бабалар ізімен» облыстық лигасы өтеді. Бұған дейін қалалық деңгейде ұйымдастырылған лига биыл алғаш рет облыстың барлық аймағын қамтиды.
Лига аясында ұлттық спортты дамыту мен насихаттауға бағытталған бірқатар маңызды шаралар жоспарланған. Соның бірі – жаттықтырушылар мен төрешілердің біліктілігін арттыруға арналған семинар-практикум. Ол 18 -19 наурыз күндері өтеді. Семинарды ұлттық құраманың бас бапкерлері, федерация басшылары және халықаралық дәрежедегі төрешілер жүргізеді.
20 наурыз – Ұлттық спорт күні деп белгіленуіне орай, дәл осы күні лиганың алғашқы жарыстары басталады. Біріншілік барысында спортшылар қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату секілді ұлттық спорт түрлерінен өзара мықтыны анықтайды.
Исанов Армат Амангелдіұлы
Орал қаласы дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы
«Біздің негізгі мақсатымыз – өңірімізде ұлттық спортты жаңғыртып, оның дамуына үлес қосу. Бұл – ата-бабамыздан мұра болып қалған, қанымызға сіңген ерекше спорт түрі. Өзіміздің мәдениетіміз бен дәстүрімізді жандандырып, осы бағытта өз күшімізбен жаңа белестерге жетуді қалаймыз».
Барша спортсүйер қауымды «Бабалар ізімен» облыстық лигасына қатысуға және қолдау көрсетуге шақырамыз!
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі