
Батыс Қазақстан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Д.Искакова, басқарманың бөлім басшысы А.Есенгалиева мен Орал қаласы және барлық аудандардың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің басшылары ағымдағы жылдың 26-29 қараша аралығында Ақтөбе қаласында отбасын қолдау орталықтарынының жұмысын жетілдіруге бағытталған республикалық оқыту-семинарына қатысуда.
Оқу-семинарының мақсаты – қиын өмірлік жағдайдағы отбасыларға сапалы көмек көрсету үшін ведомствоаралық үйлестіру барысында қызметкерлердің кәсіби құзыреттілігінің сапасын жақсарту. Іс-шара аясында қатысушылар отбасылармен жеке жұмыс жоспарларын құру, практикалық дағдыларын қалыптастыру, диагностика, жоспарлау және көмек көрсету мониторингін жақсартуды меңгереді.
Семинарға өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылармен жұмыс жасайтын әлеуметтік қорғау, білім, денсаулық сақтау, ішкі істер салаларының мамандары, балалар құқықтары жөніндегі уәкілдері, кәмелетке толмаған балалар, әйелдер істері мен отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшылары мен жергілікті жерлерде құрылған мобильдік топтардың жетекшілері және өкілдері қатысуда.
Қазіргі таңда елімізде 43 отбасын қолдау орталығы бар. Оның жетеуі Батыс Қазақстан облысында жұмыс істейді. Орал қаласы, Бәйтерек, Ақжайық, Бөрлі, Шыңғырлау, Теректі, Казталов аудандарында «Отбасын қолдау орталықтары» азаматтарға қызмет көрсетуде.
Олардың негізгі функциясы – мемлекеттік отбасы саясатын жүзеге асыру, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) қолдау бойынша жұмысты үйлестіру, тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдарға қолдау көрсету және мобильді топтардың жұмысын ұйымдастыру.