Көктемгі су тасқынына дайындық: Тасқала ауданында жұмыстар күшейтілді

Көктемгі су тасқынына дайындық: Тасқала ауданында жұмыстар күшейтілді

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Тасқала ауданында су тасқынына қарсы жүргізіліп жатқан алдын алу шараларын бағалады. Тасқала ауданы су тасқыны қауіпі бар аймақтардың қатарында. Себебі, аудан аумағындағы 28 елді мекеннің 5-інде су басу қаупі бар. Олар: Тасқала, Бірлік, 2-Шежін, Атамекен және Мереке ауылдары.

Қазіргі таңда Тасқала ауданында су тасқыны қауіпі бар аймақтар мен елді мекендерге жақын орналасқан қорғаныс бөгеттері мен Деркөл өзенінің жағалауы нығайтылып, тасқын кезеңіне дайындық жұмыстары аясында инфрақұрылымдық жұмыстар жүргізілуде. Бұл жобалар су тасқынының ықтимал зардаптарын азайтуға бағытталған.

«Су тасқынына қарсы дайындық жұмыстарын біз өткен жылы ерте бастау арқылы көп жұмыс атқардық. Нәтижесінде облыс бойынша жалпы ұзындығы 107 км болатын 53 қорғаныс бөгеті орнатылды. Алайда, тасқын кезінде елді мекендерді қорғау үшін қосымша шаралар қажет. Су тасқынына қарсы құрал-жабдықтарды алу, су өтетін арналар мен құбырларды тазартып, үнемі бақылауда ұстауымыз керек», - деп атап өтті облыс әкімі Нариман Төреғалиев.

Сапар барысында облыс әкімі су тасқыны кезеңінде қолданылатын техникалар мен күштердің дайындығын тексерді. Аудан бойынша су тасқынын алдын алу үшін арнайы техникалар дайындалып, халықты эвакуациялау үшін 23 эвакуациялық пункт пен 3 резервті пункт белгіленген.