
2025 жылғы 5-6 ақпан күндері Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Қаратөбе мен Сырым аудандарына жұмыс сапарымен барып, су тасқынына қарсы шаралардың жүзеге асырылу барысын тексерді.
Қаратөбе ауданында 9 елді мекен (Қаратөбе, Шөптікөл, Үшағаш, Қоржын, Егіндікөл, Шалғын, Сәуле, Сулыкөл, Үшана) мен көршілес Сырым ауданында орналасқан 9 елді мекен (Жымпиты, Өлеңті, Бұлдырты, Қособа, Жырақұдық, Тоғанас, Аңқаты, Жетікөл, Қызылағаш) облыс бойынша су тасқыны қаупі бар елді мекендер қатарына кіреді.
Облыс әкімі қауіпті аймақтардағы бөгеттердің жағдайымен танысып, арнайы техникалар мен эвакуациялық пункттердің дайындығын тексерді.
Нариман Төреғалиев Қаратөбе ауданының Үшана, Сулыкөл, Үшағаш ауылдарында және аудан орталығында су тасқынына дайындықты қарап, қорғаныс бөгеттерін нығайту мен өзен арналарын бекіту жұмыстарының сапалы жүргізілуі қажет екендігін айтты.
Қаратөбе ауданында жалпы ұзындығы 9,8 км болатын қорғаныс бөгеттері (Қоржын, Қаратөбе, Үшағаш, Сулыкөл, Үшана) орнатылған. Аудан бойынша 30-дан астам техника дайындалған.
Қаратөбе ауданында 1430 адамға арналған 19 эвакуациялық пункт ұйымдастырылған.
Сырым ауданында облыс әкімі Қособа ауылының маңындағы және Жымпиты ауылындағы қорғаныс бөгеттерін аралап, Төтенше жағдайлар бөлімінің жаңа ғимаратын көрді.
Сырым ауданында су тасқынынан қорғау үшін 15 км қорғаныс бөгеттері тұрғызылған. Сондай-ақ, 83 техника су тасқынының салдарын жоюға дайын. Ауданда 430 адамға лайықталған 9 эвакуациялық пункт бар.
«Су тасқынының алдын алу үшін біз барынша мұқият дайындалуымыз қажет. Барлық жұмыстар уақытында әрі сапалы орындалуы тиіс. Ең бастысы – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ол үшін қажетті техникалар мен құралдарды толықтай дайындап, су деңгейі өзгергенде және ауа райы жыли бастағанда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыру қажет», - деп атап өтті облыс әкімі.
Облыс әкімі салаға жауапты орынбасары Б.Нарымбетовке, аудан әкімдеріне және жауапты мекемелерге су тасқынына қарсы шараларды күшейтіп, жағдайды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.