Орал қаласында аумақтық қорғаныс бригадасының жаңа нысандары пайдалануға берілді

Орал қаласында аумақтық қорғаныс бригадасының жаңа нысандары пайдалануға берілді

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 99250 әскери бөлімінің жаңа нысандарының салтанатты ашылуына Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары — Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов, сондай-ақ ардагерлер қатысты.

Генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов бұл маңызды оқиғаның елдің жауынгерлік дайындығын арттыру мен қорғаныс қабілетін нығайту үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

«Бүгін біз Қазақстан Республикасының Президенті тапсырмасының қорғаныс ведомствосының инфрақұрылымын жақсарту бағытында қалай жүзеге асырылып жатқанын көруге мүмкіндік аламыз. Аумақтық қорғаныс мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғауды қамтамасыз етуге арналған әскери ұйымдар жүйесінде маңызды рөл атқарады. Бригада объектілерінің құрылысының бірінші кезеңінің аяқталуы Қорғаныс министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы тиімді өзара іс-қимылдың нәтижесі болып табылады», — деп атап өтті ол.

Іс-шара барысында құрметті қонақтар символикалық лентаны кесіп, жаңа ғимараттар мен құрылыстарды қарап шықты.

Пайдалануға енгізілген алғашқы объектілер қатарында әскери бөлім штабы, екі казарма, бақылау-өткізу пункті, саптық сабақтарға арналған плац және кірме жолдар бар.

Аумақтық қорғаныс бригадасының командирі полковник Расул Закировтың хабарлауынша, алдағы уақытта оқу және спорт корпустарын, асхананы, клубты, қоймаларды салу, сондай-ақ техникалық аумақты жайластыру жоспарлануда.

Сонымен қатар, аумақтық қорғаныс бөлімшелері арасындағы жауынгерлік жарыстың қорытындысы бойынша 99250 әскери бөлімі екі жыл қатарынан бірінші орынды иеленді. 2024 жылдың көктемінде Батыс Қазақстан облысының аумақтық қорғаныс бригадасының жеке құрамы су тасқынына қарсы іс-шараларға тартылды. Су тасқынымен күрес кезінде әскери қызметшілер құм салынған қаптардан бөгеттер тұрғызып, ауыр физикалық жұмыстар атқарды, сондай-ақ эвакуациялау кезінде халыққа көмек көрсетті. Бұл кезеңде әскери қызметшілердің бейбіт тұрғындармен өзара әрекеттесуі ерекше байқалды.