БҚО-да 2025 жылғы көктемгі су тасқынына қарсы іс-шаралар белсенді жүргізілуде

БҚО-да 2025 жылғы көктемгі су тасқынына қарсы іс-шаралар белсенді жүргізілуде

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев 2025 жылғы көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстарымен танысты.

Облыс әкімі Орал қаласындағы су басу қауіпі бар аумақтарды тексеріп, қазіргі уақытта салынып жатқан бөгеттер мен өзен бойындағы нығайту шараларын бақылап шықты.

Сонымен қатар, Нариман Төреғалиев Сырым, Қаратөбе және Бәйтерек аудандарында болып, көктемгі су тасқынына дайындық шараларының жүзеге асырылуын бақылап, зерделеді.

«Көктемгі кезеңге толық дайын болуымыз қажет. Су тасқынының алдын алу шараларын сапалы және уақытында орындау аса маңызды. Қала және аудан әкімдері, сондай-ақ, тиісті басқармалар мен мекемелер осы жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауы тиіс», — деп атап өтті облыс әкімі.

Батыс Қазақстан облысында 2025 жылғы көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық аясында облыстың инженерлік жұмыстар жоспары бекітілген, оның шеңберінде 90 іс-шара қарастырылған. Қазіргі уақытта 87 іс-шара толық жүзеге асырылды.