
Жыл қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысында соңғы екі жылда медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығының саны артты. Заман талабына сай салынған емхана, дәрігерлік амбулаториялар мен фельдшерлік акушерлік пункттер шалғай ауылдарда ел игілігіне берілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2025 жылдары Батыс Қазақстан облысында 50 медициналық нысанның құрылысы жоспарланған болатын. Соның ішінде 17-сі – медициналық пункт, 21-і – фельдшерлік-акушерлік пункт, 12-сі – дәрігерлік амбулатория.
2023-2024 жылдары 36 нысанының құрылысы аяқталып, қалған 14 нысанның құрылысы 2025 жылдың соңына таман аяқталатын болады.
Атап айтқанда, 2023 жылы 12 жаңа медициналық нысан қолданысқа берілсе, биылғы жылы 24 нысанның құрылысы толығымен аяқталып, пайдалануға берілді. Естеріңізге сала кетейік, ұлттық жобаның мақсаты - ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсету деңгейін арттыру. Ұлттық жобаның бірінші міндеті Ауылдық елді мекендерді нормативтерге сәйкес алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарымен қамтамасыз ету болып табылады.
Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласы бойынша екі жыл ішінде Батыс Қазақстан облысында 35 нысан күрделі жөндеуден өтті.
Сондай-ақ, биылғы жылы жаңғырту арқылы Бөрлі және Казталов аудандық ауруханалары ауданаралық көпбейінді ауруханаға айналдырылады.
Өңірлерді дамытудың 2020 - 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес Теректі ауданының орталығы Теректі ауылында жаңа аудандық емхана ашылды. Негізгі мақсат - жоғары сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету.
Жыл жетістігі жетерлік. 2024 жылы БҚО-да алғашқы абилитация және оңалту орталығы ашылды. Жаңа орталық Оралдағы жаңадан салынып жатқан Ақжайық шағынауданында орналасқан. Бұл заманауи стандарттар мен технологияларға сәйкес келетін облысымыздағы әлеуметтік сала бойынша алғашқы оңалту орталығы.
Оңалту орталығының негізгі мақсаты – тірек-қимыл аппараты бұзылған, психоневрологиялық патологиясы бар мүгедектігі бар балаларды және бірінші, екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік оңалту қамтамасыз ету. Бұл орталықта сегіз түрлі арнаулы әлеуметтік қызмет түрлері көрсетіледі.