ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қ.Шарлапаевтың БҚО жұмыс сапары

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қ.Шарлапаевтың БҚО жұмыс сапары

Ағымдағы жылы 13 шілде күні Батыс Қазақстан облысына құрылыс жұмыстарының барысын тексеру үшін ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев жұмыс сапарымен келді.

Жұмыс сапары аясында ол Қаратөбе ауданындағы Қоржын, Сырым ауданындағы Жымпиты, Бұлдырты және Өлеңті, Теректі ауданындағы Аңқаты және Подстепное ауылдарында салынып жатқан тұрғын үйлерді аралады.

Батыс Қазақстан облысында 5 927 тұрғын үй және саяжай зақымданған. Техникалық зерттеу қорытындысы бойынша 1 383 нысан ғана жарамды деп танылған. Сонымен қатар, 922 отбасы жөндеу жұмыстарына қаражат алды. Қазіргі уақытта 775 тұрғын үй салынуда, сонымен қатар 2 248 тұрғын үй немесе пәтерді сатып алу жоспарланса, оның 871 пәтері сатып алынды.

401 үйдің құрылысына 30-ға жуық компания қатысатынын айта кеткен жөн. Құрылыс-монтаж жұмыстарының көлемі жоспарланған ауқымның 50 пайызынан асты, жұмыстарды ағымдағы жылдың тамыз айында аяқтау жоспарлануда.

Сонымен қатар, Министр мұнай мен газды өндіру мен өңдеуге арналған жоғары технологиялық жабдықтарды әзірлеу және шығарумен, мұнай мен газды тасымалдауға арналған энергетикалық жабдық, күрделі металл құрылымдары, құрылыс жабдықтары, басқа да машина жасау өнімдерін өндірумен айналысатын «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ-на барды. Кәсіпорынның тауарлары Сауд Арабиясы, БАӘ, Катар, Алжир, Әзірбайжан және т.б. елдерге де экспортталады.

Қанат Шарлапаев Батыс Қазақстан облысының әкімдігінде кеңес өткізіп, онда өңірдегі қалпына келтіру жұмыстарының өзекті мәселелері талқыланды.